ҰЛЫТАУ ОБЛЫСЫНДА «ОТБАСЫЛЫҚ ФЕРМА» ЖОБАСЫ ӘЗІРЛЕНУДЕ

Ешбір өңірде болмаған бастама өңірдегі шаруашылықтарды біріктіру арқылы жүзеге асырылмақ.

Жоба аясында 6 000 бас асыл тұқымды ірі қара және 12 900 бас асыл тұқымды қой сатып алынады, 2 000 бас жылқы күтіп бағылмақ.

Жобаның инфрақұрылымын дамытуға облыстық бюджеттен 1,2 млрд теңге бөлінді. Қаражат шопандарға тұрғын үй салу, мал ұстауға арналған қора-жайлар тұрғызу, сумен және электр энергиясымен қамтамасыз етуге бағытталған. Сондай-ақ жобада малды бордақылау, Сою цехы, Бие сүтін өңдеу, Вакуумдалған ет өнімдерін шығару сияқты толық өндірістік цикл көзделген: Жобаны жүзеге асыруға облыстың 6 ауылдық округі, 100-ге жуық уақытша және 22 тұрақты жұмысшы, 34 шаруа қожалығы және 2 ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативі қатысады.

Негізгі мақсаттарының бірі — өңірде ашылып жатқан бордақылау алаңдарын малмен тұрақты және уақтылы қамтамасыз ету, азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуде едәуір септігін тигізу, ішкі нарықты құнарлы мал азығымен қамтамасыз ету және берік жемшөп қорын қалыптастыру, қой басы санының ұлғаюына және импорт тәуелділігінің азаюына оң әсерін тигізу, ірі және ұсақ шаруаларды біріктіру арқылы бәсекеге қабілетті орта қалыптастыру.

Аталған жобалар мал шаруашылығы саласының дамуына, мал бас санының өсуіне және оны терең өңдеуге арналған кәсіпорындарды шикізатпен қамтамасыз етуге оң әсерін тигізеді.