Ұлытау облысында әлеуметтік-экономикалық дамудың негізгі бағыттары баяндалды

Ұлытау облысының Өңірлік коммуникациялар қызметінде Ұлытау облысы әкімінің орынбасары Жәнібек Нөпіров Мемлекет басшысының тапсырмалары аясында өңірдің экономикалық өсімі, инвестициялық климатты жақсарту және инфрақұрылымдық мәселелерді шешу бағытындағы жұмыстар туралы баяндады.

2024 жылдың қорытындысы бойынша облыстың өңірлік жалпы өнімі 2,4 трлн теңгені құрап, нақты индекс көлемі 107,7%-ға жетті.
Осы жылдың 7 айында мынадай оң өсім байқалды:
тұрғын үйді пайдалануға беру – 58,2%;
көлік және қоймалау саласы – 23%;
сауда – 4,9%;
негізгі капиталға инвестициялар – 3,1%;
қайта өңдеу өнеркәсібі – 1,4%;
ауыл шаруашылығы – 1,4%.
Биылғы жылы облыс бюджеті 27,8 млрд теңгеге (19%-ға) артты. Мемлекеттік бюджетке түскен түсімдер 252,2 млрд теңгені құрады. Жергілікті бюджеттің кіріс базасын кеңейту үшін басқа өңірлерде тіркелген бірқатар компаниялар Ұлытау облысына қайта тіркелуде.

Жәнібек Нөпіровтің айтуынша, облыстың басты экономикалық қозғаушы күші – шағын және орта бизнес. «Атамекен» палатасының «Іскерлік климат» тәуелсіз рейтингінде Ұлытау облысы шағын бизнестің дамуынан бірінші орынға шықты.

2025 жылы жас кәсіпкерлерге 195 грант беріледі. Сондай-ақ, Сәтбаев қаласында индустриялық аймақ құрылып, жалпы құны 28 млрд теңгені құрайтын 4 жоба іске асырылады.
Биыл жалпы сомасы 138 млрд теңгеге тең 17 инвестициялық жоба жүзеге асады. Оның ішінде:
Жезқазған ЖЭО-да бу-газ қондырғысының құрылысы (60 млрд тг);
Жаңаарқа ауданындағы байыту фабрикасының құрылысы (7 млрд тг);
Жезқазған байыту фабрикасын жаңғырту (18,5 млрд тг).

2028 жылға дейін жалпы құны 917 млрд теңге болатын 22 жоба пулы қалыптастырылып, 2 мыңнан астам жаңа жұмыс орны ашылады.
Агроөнеркәсіп саласында да ірі жобалар қолға алынып отыр. «Ауыл Аманаты» бағдарламасы аясында 3,4 млрд теңгеге 420 жоба қаржыландырылды. 2025 жылы шамамен 7 млрд теңгеге жаңа жобалар іске қосылады.
Туризм саласына тартылған инвестициялар көлемі өткен жылмен салыстырғанда 2,5 есеге өсіп, 645,6 млн теңгені құрады.
Облыс инфрақұрылымының едәуір тозғанын атап өткен Ж. Нөпіров даму бюджетінің 50%-дан астамы осы бағытқа жұмсалатынын айтты.
Қазіргі таңда Жезқазған және Сәтбаев қалаларындағы жылу желілерін жаңғырту, ауызсу жүйелерін қайта құру жұмыстары жүргізілуде. Айдос су кен орнынан жер асты су көздерін тарту жобасы басталды.
Жалпы құны 245 млрд теңгеге тең 178 бюджеттік инвестициялық жоба пулы қалыптастырылды.

«Облысымызда әлеуметтік-экономикалық өсімге қол жеткізу үшін нақты жұмыстар атқарылуда. Инфрақұрылымды жаңғырту арқылы инвестициялық тартымдылықты арттырып, шағын және орта бизнестің дамуына қолайлы жағдай жасаймыз», – деп атап өтті Жәнібек Нөпіров.