Ұлытау облысында Абайдың 180 жылдығы мен Конституцияның 30 жылдығына арналған дайындық шаралары пысықталды

Ұлытау облысы әкімінің орынбасары Зина Ақылбекованың төрағалығымен облыс аумағында өтетін екі ірі мерекелік датаға арналған ұйымдастыру шаралары бойынша мәжіліс өтті.

Абай Құнанбайұлының 180 жылдығын мерекелеу мәселесі бойынша облыстық Мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының басшысы М.Табылдин баяндама жасап, мерейтой аясында жоспарланған мәдени және ағартушылық іс-шаралар туралы мәлімет берді. Сонымен қатар, Жезқазған қаласы әкімінің орынбасары Б.Әбен өңірлік деңгейдегі дайындық барысын баяндады.

Қазақстан Республикасы Конституциясының 30 жылдығын мерекелеуге дайындық барысы туралы Қоғамдық даму басқармасының басшысы Б. Жайлаубаев, Мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының басшысы М. Табылдин және Дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы М. Айдашев хабарлама жасады. Олар мерекеге орай өткізілетін қоғамдық, мәдени және спорттық іс-шаралар жоспарын таныстырып, оның жүзеге асырылу жолдарын талқылады.

Мәжіліс барысында қатысушылар алдағы іс-шаралардың мазмұны мен ұйымдастыру тетіктерін пысықтап, бірқатар ұсыныстар айтты. Жауапты басқармалар мен қала және аудан әкімдіктеріне нақты тапсырмалар жүктелді.

Конституцияның 30 жылдығы – Қазақстанның тәуелсіздік жылдарындағы тарихи жетістіктерін айқындайтын маңызды белес. Абай Құнанбайұлының 180 жылдығы – қазақ руханияты мен әдебиетінің мерейлі мерекесі. Бұл атаулы күндерді жоғары деңгейде атап өту – елдің рухани тұтастығы мен азаматтық бірлігін нығайтуға бағытталған.