ҰЛЫТАУ ОБЛЫСЫ ӘКІМДІГІН КАДРЛЫҚ ЖАСАҚТАУ ЖҰМЫСЫ ТУРАЛЫ

Осыған дейін хабарланғандай, Ұлытау облысы әкімдігін басқару схемасы бекітіліп, әкім орынбасарлары, әкім аппаратының жетекшісі тағайындалды. Сонымен қатар, облыстық әкімдікке қарасты 18 басқарма басшысының міндетін атқарушылар анықталды.

Әкімдікке қарасты мемлекеттік мекемелер әділет органдарында тіркеуден өтіп, олардың ережелері бекітілді.
Қазіргі таңда әкім аппараты мен басқармалардың құрылымдары мен қызметшілерінің лауазымдық міндеттері айқындалып жатыр. Бұл процестер екі апта уақытты қажет етеді.

Облыстық әкімдікті кадрлық жасақтау «Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметі туралы» Заңының 27-бабы талаптарына сай конкурс негізінде жүргізіледі. Мемлекеттік әкімшілік қызметтің бос орындары туралы хабарландыру белгіленген тәртіппен шамамен екі аптадан кейін ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің, жергілікті атқарушы органдардың интернет-ресурстарына жарияланады.