Ұлытау ауданында әлеуметтік дерттердің алдын алуға бағытталған тәрбиелік бейнефильмнің ресми көрсетілімі өтті
Ұлытау ауданы әкімдігінің қолдауымен және ішкі саясат бөлімінің мемлекеттік әлеуметтік тапсырысы аясында қоғамға қауіп төндіретін нашақорлық, ойынқұмарлық және алаяқтық сынды әлеуметтік дерттердің алдын алуға бағытталған бейнефильмнің ресми көрсетілімі өтті.

Іс-шараға аудан әкімі Аманжол Мырзабеков, аудандық мәслихат төрағасы Ахат Құрмансейітов, аудан прокуроры Рахымжан Рахатов, ардагерлер, құқық қорғау органдарының қызметкерлері, мемлекеттік мекеме өкілдері және жастар қатысты.
Фильм толықтай Ұлытау ауданы аумағында түсіріліп, жергілікті нақты оқиғалар мен әлеуметтік жағдайларға негізделген. Туындының басты мақсаты – қауіпті әдеттердің алдын алу, тұрғындарды жағымсыз салдарлардан сақтандыру, жастар арасында жауапкершілік пен саналық мәдениетті қалыптастыру.
Көрсетілім барысында аудан әкімі өңірде аталған бағыттар аясында туындап отырған мәселелерге тоқталып, тұрғындарды сақтық шараларын ұстануға, дұрыс шешім қабылдауға және қоғамдық мәселелерге бейжай қарамауға шақырды.
Бейнефильм әлеуметтік маңызы жоғары, қоғамға ой салатын, тәрбиелік мәні зор жоба ретінде бағаланды.
