Ұлытау аңыздарының ақиқаты: Ұмытылмас Ұлттық тест
Адам қысылғанда Аллаға жақындайды ғой. 2011 жылы үлкен қызым Құралай мектеп бітіріп, ҰБТ тапсыратын болды. Бұрын-соңды бастан өткермеген оқиға болған соң ба, әлде қыз бала болған соң ба, баланың жақсы оқитынына қарамастан, әйтеуір, қатты уайымдадық. Тіпті, Жезқазған қаласының №21 мектебінде оқитын қызымызды 4-тоқсанда Ұлытауға ауыстырдық. Қосымша сабақтарына жіберіп, барынша дайындап та жүрміз. Арманы – Л.Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университетінің журналистика факультетіне түсу. ҰБТ тапсыратын күн де жақындап келеді. Тықыр таянған сайын уайым да зорая түсті.
Маусым айының ортасы. ҰБТ тапсыруға 3-4 күн ғана қалды. Кешкі ас үстінде ақылдаса отырып, отбасымызбен Ұлытаудағы Әулиетауға шығып, тілек тілеуді ұйғардық. Ертесіне таңертең ерте жолға дайындалып, абыр-сабыр болып жатырмыз. Коттедж үйде тұратындықтан менің есік алдындағы шаруаға шыққанда киетін киімдерім кіреберістегі шкафта жинаулы жататын. Машинамда отбасымнан басқа бөгде адам болмаған соң «далаға бара жатырмыз ғой» деп сонда тұрған, көптен бері киілмеген көнетоздау джинсы шалбарымды бір-екі сілкіп кие салған болатынмын.
Сонымен Жезқазғаннан ертелетіп жолға шығып, діттеген жерімізге де жеттік. «Таңғы ас – Тәңірден» деген елміз ғой, «таңғы асымызды Тәңірге жақын нүкте Ұлытауға барып, Ембұлақтың суынан ішейік» деп ырымдадық. Ембұлақтың басына келіп, рәсімін жасап, су алып, биші қайыңдардың ортасында отырып, таңғы асымызды іштік. Одан әрі беткейге өрген киіктей бала-шағамызбен Әулиетауға беттедік. Күннің әжептәуір ұзарған кезі еді. Біз Әулиетаудың басына жеткенде күн де көкжиектен арқан бойы көтеріліп қалған еді. Тау басындағы жеті әулиеге зиярат етіп, дұға бағыштадық. Зердеш баба үңгірінде отырып тілек тіледік. Жүрекке бар иманымызды жиып, Алладан сұрадық, Тәңірге жалбарындық.
Ең соңғы нүкте – тілек тілеп, тастан мұнара қалайтын Әулиетау шыңына да келіп жеттік. Шың басына шығып, жан-жағыма қарап, тұмса табиғатты тамашалап, әудем жерден «мен мұндалап» тұрған Едіге тауын балаларға көрсеттім. Білгенімше тарихын айтып бердім. «Анау Едігенің оңтүстік-шығысындағы тауды Қорғантас дейді, ал анау алыстан қарағанда бұлақ табанындай жап-жасыл болып жатқан Ырғайлы өзені. Өзеннің сәл иіліп барып, екі таудың ортасына қаққан сынадай кіріп жатқан жерін Сәмбет деп атайды. Ал мына батысында көз ұшында жарқырап жатқан Кененбай тоғаны, одан әрі бозарып көрініп тұрған Сарлық ауылы. Біздің өсіп-өнген ауылымыз, туған үйіміз» деп таныстырып тұрып, қапыда қолымды шалбарымның қалтасына салмасым бар ма! Қалтамның түбінде тиындар жатқанын байқадым. Қалта түбін қағып тұрып бар тиынды алып санасам, күмісі мен бақыры аралас 118 теңге шықты. Тіпті ішінде 1 теңгелік тиындар да жүр. Өмірімде қалтаға ақшаны бос салмайтын менің қалтамнан мына тиындардың шығуы өзімді де таң-тамаша етті. Дереу Құралай қызымды шақырып алдым да, «Қызым, мені білесің, қалтамда қанша қаржы болса, тиынына дейін бос салмай, үнемі портмонеде ұстап келемін. Мына бір көптен кимеген шалбарымның қалтасынан күмісі мен бақыры аралас 118 теңге шықты. Мынаны ал да, анау шыңға шығып, тілегіңді айтып, шашу етіп шашып жібер, ҰБТ-дан 118 балл аласың» дедім сенімді түрде. Сөйттім де қолымдағы тиындарды қызымның алақанына төктім. Сенім дегенді қойсаңызшы, қуаныштан жүзі бал-бұл жанған қызым алақанын жұмған күйі Әулиетау шыңына жүгіріп бара жатты. Әлден уақыттан кейін «керемет әсерлендім, рақмет сізге» деді қасыма келіп. Мен де «Алла тілегімізді қабыл алып, періштелер қолдасын!» дедім, мейірлене бауырыма басып.
Одан кейін әрқайсымыз Аллаға ниетімізді білдіріп, іштей тілеп, әр тасқа тілек «сіңдіріп», отбасылық мұнарамызды қалап шықтық. Тау басында біраз болып, рухани тазарып, жоғары көңіл күйде рухтанып та, рахаттанып та Жезқазғанға қайта оралдық.
Үш күннен кейін сескене күткен сынақ ҰБТ болатын күн де келді. Бір Аллаға сыйынып, қызымызды ҰБТ-ға кіргіздік. 4 сағаттың мұғдарында шыққан қызымыздың көңіл күйі жаман емес сияқты. Өзіне өзі риза болып «жаман болмауға тиісті» деп қояды. Біз сонда да жан-жақтан «қалай болды?» «қиын болған жоқ па?» деген сұрақты жаудыртып жатырмыз.
Кешкісін, сағат алтыдан өте ҰБТ нәтижесі ілінуі керек. Асыға күтудеміз. «Нәтиже шықты» деген хабар да жетті. Бәріміз сонда ағылдық. Барсақ, бірі күліп, бірі жылап жүрген ығы-жығы халық. Біз де нәтиже ілінген тақтаға ұмтылдық. Тауып алып қарағанымызда өз көзімізге өзіміз сенер емеспіз. Тура 118 балл. Барлық сабағынан бес алған. «Әулиетау басында тілеген адал тілегімізді Алла қабылдады» демеске амалымыз қалмады.
Сол жылы туған ағам Жалаулының қызы Арайлым қарындасым да 11 сыныпты бітіретін. Ал ол – тіпті «Алтын белгіге» үміткер. Әулетау басына шыққанда Арайлымды да қоса Жаратқаннан жалбарына сұрап, екеуінің де арманы болған Елордадағы Еуразия Ұлттық университетінің журналистика факультетіне түсуін тіледік қой. Арайлымға тілеген тілегіміз де қабыл болып, ол Ұлытау ауданы, Аманкелді ауылының тарихында тұңғыш рет «Алтын белгі» иегері атанды. Аллаға шүкір етіп, ауыл болып тойладық.
Екі бала да ҰБТ-дан жоғары балл алған соң қаннен-қаперсіз отырған болатынбыз. Бір күні кешкісін ойда жоқ жерден Еуразия Ұлттық университеті журналистика факультетінің профессоры, менің Жезқазған педагогикалық институтындағы кураторым, Сәуле Есенбекқызы Тапанова өз шаруасымен телефон шалып тұр. Көптен көрмеген ұстазыммен ананы-мынаны айтып, ұзақ әңгімелестік. Қоштасар сәт жақындағанда ғана «бұйырса таяуда Астанаға барамыз, қарындасым мен қызымды Сіздерге, журналистика факультетіне апарамын» демеймін бе. Ұстазым шошып кетті де «Қалай? Ертең жоқ арғы күні құжат қабылдаудың соңғы күні ғой. Олардың одан бөлек шығармашылық емтихан тапсырулары керек қой» демесі бар ма. Зәреміз ұшып, астан-кестен болдық та қалдық. Дереу ауылға хабарласып, Арайлымға «жолға дайындал, біз қазір алып кетеміз» деп, түнделетіп Жезқазғаннан Ұлытауға жолға шықтық. Әлі екі бала медосмотрдан да өтпеген. Ауылға барып, таң ата қалаға да жеттік. Ұйқы жоқ. Таң атпай тұрып, жеделдетіп Жезқазған қаласындағы «Қаратал» емханасынан медосмотрдан өткіздік. Түске дейін бәрін бітіріп, екі балаға жолдасымды қосып, таксимен Астанаға аттандырдым. Ең соңғы күні үлгеріп, құжаттарын тапсырды. Шығармашылық емтихандарынан да жоғары балл алып, таңдаған мамандықтарына түсіп, бітіріп шықты. Алла қолдаса адам сенгісіз дүниелердің де амалы табылатынына қайран қалдық.
Осы оқиғада Зердеш бабаның «ізгілікті ойға беріл», «ізгілікті сөз айт», «ізгілікті іс тындыр» деген ізгілік ілімінің ізі жатқандай. Сәйкестіктің бәрі кездейсоқтық емес.
Кезінде Александр Македонскийден сұраса керек: «Сен не себепті әкең Филип патшаға қарағанда ұстазың Аристотельді көбірек құрмет тұтасың?» деп. Сонда Александр: «Әкем менің тәнімді тәрбиелеп, көктен жерге түсірді, ал Аристотель болса жанымды тәрбиелеп, мені жерден көкке көтерді» деп жауап берген екен. Әулиетау да – сондай адамзат баласының арманына қанат бітіріп, көкке көтеретін, Жаратқанның жақсылығын сезініп, жаның жай тауып, рухани тазаратын таңғажайып мекен.
Бағдат БАЙЖАНТАЕВ,
ақын, өлкетанушы.