Ұлы Жеңістің 80 жылдығы – тарихтың ұлы тағзымы

2025 жылы бүкіл адамзат Ұлы Жеңістің 80 жылдығын атап өтуде. Бұл — ұрпақтар жадында мәңгі сақталатын, қасиетті де қасіретті дата. 1941-1945 жылдар аралығындағы Екінші дүниежүзілік соғыстың адамзатқа әкелген қайғысы мен зобалаңы әлі күнге дейін жүректі сыздатады. Бұл жеңіс – батырлықтың, ерліктің және отанға деген шексіз махаббаттың айғағы.

Қазақстаннан 1 миллион 200 мыңнан астам азамат соғысқа аттанып, олардың жартысы майдан даласында қаза тапты. Жауынгерлермен бірге тылда еңбек еткен аналар мен балалардың, жұмысшы мен диқандардың ерен еңбегін де ұмытуға болмайды. Жеңіс – тек қарумен емес, қажырлы еңбекпен де келген.

Бүгінгі бейбіт өмір – сол бабаларымыздың жанқиярлық ерлігі мен құрбандығының нәтижесі. Біз үшін бұл күн — еске алу күні ғана емес, өткенге тағзым, бүгінгіге шүкіршілік, ертеңге аманат.

Ұлы Жеңістің 80 жылдығы – тек тарих беті емес, ол – ұрпақтар сабақтастығы мен елдік рухтың белгісі. Батыр бабаларымыздың ерлігі мен отансүйгіштігі бізге үлгі, ал бейбіт өмірді сақтау – бізге жүктелген қасиетті парыз.

Алмат БЕГАЕВ,
кәсіпкер.