«Ұлы тағзымның» тағылымды қадамы

Түркияда қазақтың белгілі ағартушысы, түркітанушы-ғалым, көрнекті мемлекет қайраткері Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдығына орай, Анкара қаласындағы Етимесгут муниципалитетінде Ұлт ұстазының атындағы саябақ пен ескерткішінің ашылу рәсімі өтті. Шараға Қазақстанның Түркиядағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Еркебұлан СӘПИЕВ, Қазақстан мәдениет және сауда орталығының қызметкерлері, сондай-ақ, Ұлытау облысынан «Ұлы тағзым» қоғамдық қорының өкілі Бақтияр ҚОЖАХМЕТОВ қатысты.

Алқалы жиында сөз сөйлеген қазақстандық Елші Е.Сәпиев Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдығына орай, дүйім түркі жұртына танымал тұлға атындағы саябақ пен ескерткіштің ашылуына мүдделі болған Етимесгут муниципалитетінің төрағасы Енвер Демирелге, «YDA» холдинг басқарма төрағасы Хусейн Арсланға алғыс айтты. Қазақстан мен Түркия арасындағы дипломатиялық қатынастың орнағанына 30 жыл толуымен құттықтап, екі елдің тарихы, мәдениеті және діні бір бауырлас мемлекеттер екеніне және ЮНЕСКО шешімімен Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдығы Қазақстанда кеңінен аталып өткеніне назар аударды. Осы ретте Елшілік тарапынан да көптеген маңызды іс-шаралардың өткізілгенін, Ахмет Байтұрсынұлы Қазақстанның болашағы үшін ғана емес, бүкіл түркі әлемінің азаттығы мен тәуелсіздігі үшін күрескенін мәлімдеді. Екі елдің мәдени-гуманитарлық байланыстарын нығайтатын игі бастамалардың жалғасын табатынына сенім білдірді.

Түркияда жаңадан ашылған Ахмет Байтұрсынұлы атындағы парктің аумағы – 8 мың шаршыметр. Онда 150 түрлі ағаш отырғызылып, спорт алаңдарының орындары белгіленген. Қоладан құйылған ескерткіштің биіктігі – 4 метр, оның 3 метрін мүсін құрайды.

Салтанатты шарадан кейін Бақтияр Қожахметов Елші Еркебұлан Сәпиевтің қабылдауында болды. Оның барысында 2023 жылы Түркияда Қымыз мерекесін өткізуге қатысты жүргізілуі тиіс жұмыстар тізбегі пысықталды. Елшімен кездесуге дейін Бақтияр Сапарбекұлы Түркиядағы жылқы ұстап, қымыз өндіретін Алаш және Алтай ауылдарында болып, Негде облысы губернаторының орынбасарымен, ұлты қазақ бизнесмендермен, Бас консулмен жүздескен болатын.

Қымыз мерекесін Стамбул қаласындағы Қазақстан мәдениет және сауда орталығы мен Ұлытау облысында тіркелген «Ұлы тағзым» қоғамдық қоры бірлесіп өткізуді жоспарлап отыр.

Тәслима ОРАЗАЛЫҚЫЗЫ