ҰЛЫ ҒАЛЫМ РУХЫНА – ҰЛЫҚ ҚҰРМЕТ
Өндіріс саласындағы азаматтардың эталоны – Қаныш Имантайұлының мерейтойына арнап бүгін Сәтбаев қаласындағы академик ескерткішінің алдында митинг және гүл шоқтарын қою рәсімі өтті. Іс-шарада Ұлытау облысының әкімі Берік Әбдіғалиұлы, «Қазақтың Кетбұқасы» Қоғамдық бірлестігінің төрағасы Төлеген Бүкіров, ҚР Еңбек ері Тұрсынбек Макишев ғалымның мерейтойымен жиналған жұртшылықты құттықтап, ұлт перзентінің еңбек жолы — ұрпаққа үлгі екенін жеткізді.
«Жеті қат жердің астын жеті атасынан артық таныған ғұламаның арқасында біздің өңірде қалалар салынып, кәсіпорындар бой көтерді. Ұлытау даласын, еліміздің байлығын әлемге таныту жолында жарғақ құлағы жастыққа тимей қызмет еткен азаматтың мерейтойы — баршамызға ортақ дүбір деп білемін» – деді өз сөзінде Ұлытау облысының әкімі Берік Әбдіғалиұлы.
Сондай-ақ іс-шарада «Ұлар» әдеби клубының ақындары Жанат Әбдіғожин, Абай Ораз, Мұқағали Сейтқазы ғалымның құрметіне арнап жазған өлеңдерін оқыды.
Қонақтар академик ескерткішінің алдына гүл шоқтарын қойып, Ш.Ділдебаев атындағы Кеншілер сарайында «Қаныш» премьерасын тамашалады.