ҰЛЫ АКАДЕМИК АТЫНДАҒЫ ОЛИМПИАДА БАСТАУ АЛДЫ

Ұлытау облысында Қаныш Сәтбаев атындағы республикалық олимпиаданың ашылу салтанаты өтті. Химия пәні бойынша білім жарысына еліміздің әр өңірінен 80-ге жуық оқушы арнайы келген. Ұлы геологтың 125 жылдығына орай бастау алған олимпиадаға 9-11 сынып оқушылары қатысады.

Салтанатты ашылу рәсімінде Ұлытау облысының әкімі Дастан Рыспеков жас ғалымдарға сәттілік тілеп, ұйымдастыру ісіне қолдау көрсеткен Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігінің «Дарын» республикалық ғылыми-практикалық орталығына, Қазақмыс корпорациясына, «The Ulytau Educational Foundation» қайырымдылық қорына алғысын жеткізді.

Сонымен қатар жиынға қатысқан ҚР Президентінің ғылым және инновациялар мәселелері жөніндегі кеңесшісі, Ұлытау облысының Құрметті азаматы, ғалым Күнсулу Закария ізденімпаз жастарға ізгі ниетін білдірді.

Іс-шара барысында Ұлытау облысына қарасты қала-аудан мектептерінің оқушылары мен жас ғалымдары көрме ұйымдастырып, тәжірибелерімен бөлісті.

Айта кетейік, өңірімізде бастау алған республикалық олимпиада 1 қарашаға дейін жалғасады.