Ұлттық мүдде, стратегиялық ресурстар және орнықты даму

Берік Қадыров, Өңірлер бойынша жұмыс бөлімінің бас сарапшысы, ҚР Президенті жанындағы ҚСЗИ-дың Абай облысы бойынша өкілі:

Қазақстан Республикасының жаңа конституциялық моделінде экономикалық негіздер ұлттық мүддені қорғаудың басты факторы ретінде қарастырылады. Мемлекеттің рөлі – адал бәсекелестік ортасын қалыптастыру, стратегиялық ресурстарды қорғау және кәсіпкерлікті қолдау арқылы экономикадағы тең құқылы нарықтық жағдайды қамтамасыз ету.

Осы ретте, экономиканы дамытуда ерекше назар аударылатын мәселелердің бірі – экологиялық факторларды ескеру. Конституцияның жаңа жобасының 37-бабында мемлекет азаматтарды табиғатты сақтау мен табиғи байлыққа ұқыпты қарауға міндеттейді, сондай-ақ адамның өмір сүруіне және денсаулығына қолайлы қоршаған ортаны қорғауды мемлекет өз жауапкершілігіне айналдырады. Бұл нормалар бүкіл әлем елдері өздеріне міндет етіп қойған Орнықты даму мақсаттарын жүзеге асыруға нақты қадам болып табылады. Мемлекет табиғатты қорғауды өз мақсатына айналдырып, экономикалық дамуды орнықты әрі «жасыл» жолға көшіру үшін жоғары деңгейде нормативтік негіздер енгізген. Әлемдік тәжірибеде де осындай қадамдар кең таралған; мысалы, 2018 жылы Қытай конституциясына «Экологиялық өркениет» ұғымын бекіткен.

Экономикалық тұрғыдан мемлекет табиғи ресурстарды тиімді пайдалану мен стратегиялық салаларды дамыту арқылы ұлттық байлықты қорғауды қамтамасыз етеді. Бұл өңірлердегі орнықты даму мен инвестициялық тартымдылықты арттыруға мүмкіндік береді.

Осы тұрғыда Қазақстан – маңызды стратегиялық табиғи ресурстар қоры бар ел. Ел аумағының басым бөлігі жер қойнауында мұнай мен табиғи газ қорын сақтайды. Әртүрлі бағалаулар бойынша, Қазақстанда әлемдік мұнай қорының шамамен 3%-ы, яғни 4,4 млрд тоннадан астам мұнай шоғырланған. ТМД елдері арасында республика мұнай өндіру көлемі бойынша Ресейден кейін екінші орында тұр. Табиғи газ қоры 3,8 трлн текше метр деп бағаланады, бұл Қазақстанды әлемдегі 20 ірі газ өндіруші елдің қатарына енгізеді.

Қазақстан әлемдік уран қорларының 21%-ына ие, бұл көрсеткіш бойынша ел 2-орында және уран өндіруде әлемде бірінші орынға шықты. Уран кен орындары алты облыста шоғырланған, ең ірілері – Маңғыстау және Ақмола облыстары. Сонымен қатар, Қазақстан мыс өндіру көлемі бойынша әлемдегі алғашқы 10 елдің қатарына кіреді, 6-орынды иеленіп, өндірілген мыс пен мыс қорытпаларының 90%-ын экспорттайды. Негізгі өндіріс ошақтары – Қарағанды, Шығыс Қазақстан, Абай облыстары, ал мыс қорының 70%-ы Жезқазған өңірінде орналасқан.

Жер қойнауындағы алтын қорлары еліміздің алтын өндіру көлемі бойынша әлемдегі алғашқы 10 елдің қатарына кіруіне мүмкіндік береді. Елде шамамен 300 алтын кен орны бар, ең ірілері Шығыс Қазақстан және Абай облыстарында (36%), Солтүстік Қазақстанда (21%) және Орталық Қазақстанда (11%) шоғырланған. Қазақстан көмірін де алыс-жақын шетелдерге экспорттайды. Елдегі көмір қоры 33,6 млрд тоннаға бағаланады, бұл Қазақстанға әлемдік рейтингте 8-орынды сенімді түрде иеленуге мүмкіндік береді. Негізгі кен орындары – Экібастұз, Қарағанды және Қостанай облыстары. Жалпы, Қазақстан табиғи қазбалар қоры бойынша әлемде шамамен 6-орында. Сонымен қатар, Менделеев кестесіндегі 110 химиялық элементтің 99-ын еліміздің жер қойнауынан табуға болады.

Қорыта айтқанда, стратегиялық ұлттық мүдделерді жүзеге асыруға Қазақстанда толық ресурс мүмкіндігі бар. Конституцияда жер мен оның қойнауы, су көздері, өсімдіктер мен жануарлар дүниесі, басқа да табиғи ресурстар халыққа тиесілі екені көрсетілген, ал халық атынан меншік құқығын мемлекет жүзеге асырады. Ендігі кезеңде осы байлықты тиімді басқару, экономикалық негіздерді іске асыруда экологиялық факторларды, әлеуметтік жауапкершілікті, әділдік пен теңдікті сақтау – басты міндет.