Әлеуметтік қызмет — ортақ мүдде
Елбасы Жарлығына сәйкес 2011 жылдан бастап, елімізде қазан айының соңғы жексенбісі әлеуметтік сала қызметкерлері күні болып белгіленді. Содан бері бұл күн – кәсіби мереке ретінде аталып келеді. Аталған жүйе халыққа мінсіз қызмет етуде. Себебі, қамқор құрылымның қызметі әрдайым сұранысқа ие. Олар мемлекет қамқорлығына зәру зейнеткерлер мен мүмкіндігі шектеулі балаларға, мүгедек жандарға жылылық танытып, дер кезінде көмек беруге әзір.
Осы орайда, әлеуметтік қорғау жүйесі қызметкерлерінің рөлі айрықша. Олар әлжуаз топтарға жан жылуын сыйлаумен қатар әлеуметтік жағынан аз қамтылған отбасыларына, мұқтаж жандарға жәрдемақы төлемдерін тағайындау тұрғысынан да қызмет ететін мамандар.
Елімізде халықты әлеуметтік қорғаудың тәуелсіздік жылдардағы құрылымы 1999 жылдан бері қарай қалыптасты. 2001 жылы 27 маусымда «Халықты әлеуметтік қорғаудың концепциясы» қабылданды.
Осыдан кейін мемлекетімізде әлеуметтік саланың жұмысы қарқын алды. Бүгінде қоғамда көптеген оқиғалардың дені әлеуметтік мәселелер аясында туындайтыны шындық. Мәселен, әлеуметтік ұғыммен қорғау, көмек, қызмет, оңалту секілді қатарлас қолданылатын тіркестер санамызға сіңісіп кеткені рас. Десек те, бұлардың астарында мемлекет қамқорлығына мұқтаж жандарға қолұшын созу жатыр. Осындай көзге көрінбес, қиындығы мол жұмысты еңсеріп жүрген аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі. Олардың күнделікті жұмысы қоғамның осал топтарының көңілін аулауға бағытталған. Сондықтан, әлеуметтік сала мамандарын белгілі бір көмекке зәру жандарға демеу болар қызметкер десек те артық айтқандық емес. Себебі, олар қоғамның әл-ауқатын жақсартуға бағытталған саясатты реформалауға қатысушылардың бірі.
Аталған бөлімде 50-ге жуық әлеуметтік қызметкер, 18 түрлі мемлекеттік қызмет көрсетеді. Солардың бірі «Үйлерге әлеуметтік көмек көрсету» бөлімшесі. Олар есепте тұрған 60 жалғызілікті қарттар мен мүгедектерге, 18 мүмкіндігі шектеулі кемтар балаларға қызмет көрсетіп отыр. Сондай-ақ, Ұлытау ауданы әкімінің ресми сайтында мемлекеттік қызмет көрсетуге қатысты толық ақпарат орналастырылған. Бөлімде «Электрондық үкіметтің аймақтық желісі» және «Халыққа қызмет көрсету орталығы» жұмыс істейді. Тұтынушыға жеңіл болуы үшін «Әлеуметтік көмек», «Интерактивтік қолжетімді карта» ақпараттық жүйесімен жұмыс жасауға бөлімнің бірнеше қызметкері бекітілген. Бұдан бөлек, қамкөңіл жандарға рухани орта қалыптастырып, түрлі мәдени іс-шаралар ұйымдастыруды назардан тыс қалдырған емес. Осындай игі істердің атқарылуына әлеуметтік қызмет көрсету сапасының артуына қызметкерлері бар күштерін салып, аянбай еңбек етуде.
Осы ретте, аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Айна Әбіловамен де әңгімелескен едік.
— Биыл төл мерекемізге 10 жыл толып, ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығымен тұспа-тұс келіп отыр. Осы аралықта атқарылған жұмыстар аз емес. Ең ауыр кезең пандемия уақытында болды. Сонда да аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөліміне қарасты әлеуметтік сала қызметкерлері өздерінің кәсіби міндеттерін абыроймен атқарды.
Біріншіден, әлеуметтік қызметкер болу үшін төзімділік керек. Қамқорлыққа зәру жандардың сұрақтарына жауап беру, оларды жұбату, тапсырманы орындау қаншама күш-жігерді талап етеді. Жайшылықта, сырт көзге байқалмауы мүмкін. Ал, онымен айналысып жүрген қызметкерге оңай тимейді. Мұндай қызметке көнбіс, байсалды адам ғана шыдай алады. Біздің мекемеде Үйлерге әлеуметтік көмек көрсету бөлімшесіндегі қызметкерлер Сандуғаш Өкімбаева, Гүлден Серік, Лара Қапарова, Анар Маменова, Ақмарал Жақыпбекова, Төлеукүл Есекенова, Нұргүл Жақыпбекова, Лиза Қостаева, Жадыра Тельбаева, Гауһар Әлиасқарова, Манат Мұхамбетова, Қарлығаш Әбдікәрімова – осындай төзімді жандар.
Бұл орайда, бөлім мамандары мен қызметкерлері Жангүл Өмірбаева, Күлия Елеуова, Ажар Байбатырова, Эльмира Тілеуғабылова, Дилара Әйтенова, жас буыннан Бекзат Амантаева, Арайлым Тәшенованың есімдерін де құрметпен атауға болады. Осындай үлкен шыдамдылықтың иелерін мерекемен құттықтаймын, — деді Айна Әбілова.
Бөлім басшысының айтуынша, осы мекемеге қарасты «Жұмыспен қамту» орталығы мамандары да кәсіби мерекелерін лайықты табыстармен қарсы алып отыр. Бұл бағытта ауданның әлеуметтік осал топтарына, жұмыссыз, сотталған азаматтарға, көңілі жарымжан жандарға, аз қамтылған көпбалалы отбасыларына қызмет көрсетіп жүрген Жаңагүл Бекмағанбетова, Жасұлан Түсіпбеков, Гүлден Айдан, Медет Базылов, Айдана Ахметжан, Сандуғаш Мусина, кеңесші Гүлназ Құрманбаеваның еңбектерін ерекше атап өтті.
Иә, адам өміріндегі игі істердің бірі — мұқтаж жандарға қамқорлық жасау. Осы жолда ауданның қоғамдық ұйымдарын, қалталы азаматтарын қайырымдылық акциясы аясында қолұшын создыруға ұйтқы болатындар да осы мекеме қызметкерлері. Олар өздерінің негізгі міндеттері халыққа әлеуметтік жағынан қолдау көрсету болғандықтан, қамқорлық танытқысы келетін азаматтармен де бірігіп атқарылар істің басы-қасында болады. Шындығында, әлеуметтік сала мамандарының еңбегі айтарлықтай. Басшысының мереке аясында сала қызметкерлерінің есімдерін ерекше атауы да сондықтан.
Қайрат ЖҰМАБАЙ