Әлеуметтік сала, жұмыспен қамту және эпидахуал талқыланды

Ұлытау ауданының әкімі Аманжол Мырзабековтің төрағалығымен кезекті кеңейтілген аппарат мәжілісі өтіп, онда күн тәртібіндегі екі негізгі мәселе қаралды. Жиынға аудандық бөлім басшылары, ауыл және кент әкімдері, мекеме өкілдері қатысты.

Алғашқы мәселе бойынша аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Айна Әбілова 11 айда атқарылған жұмыстар туралы есеп берді. Бөлімнің деректері бойынша, «Отбасының цифрлық картасы» ақпараттық жүйесінде 2025 жылдың 1 қаңтарына әлеуметтік мәртебесі анықталмаған 530 отбасы (919 адам) тіркелген болатын.
Жыл ішінде төрт рет штаб отырысы өткізіліп, деректер кезең-кезеңімен өзектендірілген. Нәтижесінде 1 желтоқсанға қарай бұл көрсеткіш 470 отбасыға (743 адам) дейін төмендеп, жыл басынан бері 60 отбасы немесе 176 адам бойынша әлеуметтік мәртебе айқындалған. Бұл — тиісті сала мен ауыл әкімдіктерінің бірлескен жұмысының нақты нәтижесі.
Әлеуметтік-экономикалық даму бағытындағы жобалар да назардан тыс қалған жоқ. «Ауылдық аумақтарды дамыту тұжырымдамасы» аясында 4 нысан, «2026 жылға дейінгі тұрғын үй-коммуналдық инфрақұрылымды дамыту» бағдарламасы бойынша 1 нысан іске асырылған. Барлығы 5 нысан шеңберінде 29 жұмыс орны ашылған. Оның ішінде 24-і уақытша, 5-і тұрақты жұмыс орны. Бұл көрсеткіш жылдық жоспардың 100 пайыз орындалғанын көрсетеді.
Күн тәртібіндегі екінші мәселе – тұрғындар денсаулығының эпидемиологиялық жағдайы мен тұмауға қарсы егу жұмыстары бойынша аудандық орталық аурухананың директоры Мирлан Омаров және Ұлытау аудандық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау басқармасы басшысының м.а. Адамбек Әбдіғалиев баяндама жасады.
Денсаулық сақтау мамандарының айтуынша, қазіргі таңда аудандағы эпидемиологиялық ахуал тұрақты, сырқаттанушылық көрсеткіші бақылауда. Тұмауға қарсы вакцинациялау жұмыстары жоспарға сәйкес жүргізілуде. Аудан әкімі алдағы кезеңде жағдайды қатаң бақылауда ұстауды міндеттеді.
Жиын қорытындысында аудан әкімі Аманжол Мырзабеков барлық көрсеткіштер бойынша атқарылған жұмыстарды саралап, жылды жоспарлы түрде аяқтаудың маңызын ерекше атап өтті. Мекеме басшыларына, ауыл және кент әкімдеріне жылдық жоспарларды толық орындау, бөлінген бюджет қаражатын уақтылы және тиімді игеру, қысқы маусымға дайындықты пысықтау, әлеуметтік салалардағы өзекті мәселелерді жедел шешу жөнінде нақты тапсырмалар беріліп, хаттамаға енгізілді.

Ізбасар ОЙБАС.