Әлеуметтік қолдау шаралары жалғасуда

Қыс маусымы таяған сайын ауылдық елді мекендерде тұрғындарды отын, су және жылу көздерімен қамтамасыз ету мәселесі ерекше назарға алынады. Осы бағытта Жанкелді ауылдық округінде жүйелі жұмыстар жүргізілуде.

Аудан әкімі Аманжол Мырзабековтың тапсырмасымен округ аумағында әлеуметтік осал топтарға қолдау көрсету шарасы ұйымдастырылды. Нәтижесінде Қияқты көмір кенішінен тұрмысы төмен отбасыларға, көп балалы аналарға және мүмкіндігі шектеулі азаматтарға тегін көмір жеткізілді.
Ауылдық округ әкімі Шәріп Бекетовтың айтуынша, мұндай игі бастама – аудан басшылығының тұрғындар алдындағы әлеуметтік жауапкершілігінің айқын көрінісі.
– Қысқы маусымға дайындық аясында округтегі көмекке мұқтаж отбасыларға нақты қолдау көрсетілді. Қазірдің өзінде 13 үйге 5 тоннадан көмір түсіріліп, тұрғындардың қыстан қысылмай шығуына жағдай жасалды. Алдағы уақытта да мұндай көмек жалғасын табады, – дейді округ әкімі.
Сонымен қатар, ауылда қысқы дайындық жұмыстарының өзге де бағыттары назардан тыс қалған жоқ. Су жүйелерін ретке келтіру, қар тазалау техникасын жөндеу, ауыл ішіндегі жолдарға да материалдар дайындау секілді шаруалар жоспарлы түрде атқарылуда.
Жанкелді ауылдық округіндегі бұл жұмыстар – аудан басшылығының ауыл халқының әл-ауқатын жақсартуға, қыстың қамын жазда ойлауға бағытталған нақты қадамдарының бірі. Осындай қамқорлық шаралары алдағы уақытта да ауыл өміріне жылылық сыйлай беретіні сөзсіз.

Ізтай БЕЛГІБАЙҰЛЫ.