КТ/МРТ ҰЛЫТАУЛЫҚТАР ҮШІН ҚОЛЖЕТІМДІ

Ертеректе екінің бірі өте бермейтін компьютерлік томография (КТ) мен магниттік-резонанстық томография (МРТ) бүгінде дәрігердлің нұсқаулығы бойынша Ұлытау облысының тұрғындарына қолжетімді. Аталған жоғары технологиялық қызметті облыс тұрғындары қаңтар айында 1039, ақпан айында 1128, наурызда 1 227 рет пайдаланған.  2023 жылдың 1 тоқсанында МРТ мен КТ-ның көрсетілген 3 394 қызметі үшін 44 598,3 мың теңге аударылған. Бұл жөнінде Ұлытау облысының өңірлік коммуникациялар қызметінде «МӘМС: мүмкіндіктері мен артықшылықтары» тақырыбында өткен брифингте  «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КЕАҚ Ұлытау облысы бойынша филиалы директорының орынбасары Абылайхан Рахымов мәлімдеді.

Жалпы қоғамда МӘМС-ке қатысты көп сын айтылғанмен аталған реформа денсаулық сақтау саласына   серпін  берді. Бұл сөзімізге медициналық сақтандыру жүйесі енгізілгелі бері  қолжетімді болған түрлі консультациялық-диагностикалық тексерулер, жоғары технологиялық медициналық қызметтер мен күрделі оталар дәлел. Мысалы, биылдың өзінде   құны шамамен 49 мың теңге болатын коронароангиография талдауын 121 науқас тегін жасатып, миокард инфарткісіне шалдыққан  58 науқастың тарылған тамырына стенд қойылып, жүрек жұмысы қалыпқа келтірілген. Кардиологиялық бөлімде Ұлытау облысының түпкір-түпкірінен келген 73 пациенттің денсаулығы  оңалтылды. Әдетте 1,5 млн теңгеден басталатын жүрек отасы мен оңалту да МӘМС есебінен қаржыландырылған. Сонымен бірге, МӘМС арқылы 127 тұрғын «катарактадан» айығып, жылдап сәби күткен 111 әйел ЭКҰ жолдама алады.

Еске сала кетсек, МӘМС жүйесінде әрбір сақтандырылған азамат төленетін жарналардың мөлшеріне қарамастан, медициналық көмектің қажетті көлемін алуға құқығы бар.

Өз тілшіміз

Сурет редакцияның жеке мұрағатынан