Корректордан жауапты хатшыға дейін немесе Гүлдариға Сыздықова жайлы үш үзік сыр

Уақыт шіркін не деген жүйрік. Күні кеше сияқты еді, Гүлдариға келіншектің редакция табалдырығын имене аттағаны. Содан бері де жарты ғасырға жуық уақыт өте шығыпты…

Алғашқы қадам

Сонау жетпісінші жылдардың басында Ұлытау Жездіден бөлініп, өз алдына аудан ретінде қайта құрылғанда, аудандық партия комитетінің органы болып «Ұлытау өңірі» газеті ашылған болатын. Көп ұзамай осы газеттің корректорлық қызметіне орта бойлы, бидай өңді, талдырмаш келіншек Гүлдариға Сыздықова келген еді. Бұл 1974 жыл болатын.

Ол кезде газеттің редакторы марқұм Көбейсін Еңсебаев ағамыз еді. Жауапты хатшы Батырбек Мырзабеков болатын. Қазіргідей макеттің арнайы бланкасы да жоқ, беттің жобасын Баткең дәптердің парағына сызатын. Бет жасаушы сол сызбаға қарап, бетті жасап, оны осы Гүлекең оқитын еді. Әр материалдың айдарынан бастап авторына дейін жіті қадағалап, «ұры» қаріптерді тап баспай ұстап, қызыл сиямен «желкелеп» шығарып отыратын.

Қазіргідей емес, ол кезде газеттің қатесін шығару деген аққұла жұмыс еді. Сөйлемнің ортасындағы бір үтір, не нүкте үшін сол сөйлем тұтасымен қайыра терілетін. Өйткені материалдың әр жолы қалайыға құйылып жазылатын. Пенде емеспіз бе, бір қатені дұрыстап отырып, сол жолда тағы бір қате кетіп қалатыны бар. Міне, соның бәрін жіті қадағалап, газеттің ертең оқырман қолына сауатты тиюіне қырағы қарау – корректордың басты міндеті. Сол жұмысты Гүлекең абыроймен атқарды. Рас, алғашқы кездері көп қиналды. Тіпті жылап та алған кездері аз болған жоқ. Мұндайда Батырбек аға сөзімен демеп, жұбататын.

– Айналайын қарындасым, бұл газет шығару жұмысы деген алапат дүние. Жалғыз саған ғана емес, бізге, журналистерге де қиын. Тоғыз ай баласын құрсағында көтеріп, босанғанда аналар қалай қиналады, материал жазғанда біз де солардай қиналамыз. Сенікі қайта қаріп қатесі ғана ғой, – дегенде Гүлдариға ағасының бетіне қарап, көзі жыпылық-жыпылық етіп, осы кісі шын айтып тұр ма деп таңданатын. Өйткені, бала туудың «машақатын» жас келіншек басынан өткерді ғой.

Кейін оңы мен солын таныған соң ғана Батырбек ағаның сол айтқандары өзінің көңілін аулап, қалжыңдағаны екенін білді. Бірақ, сол әзілдің астарына иненің жасауындай болса да шындықтың бар екенін ұқты…

Гүлдариға. Үлдаш. Гүлеке

Мен Гүлекеңмен ең алғаш 1984 жылдың ақпанында таныстым. Отбасы жағдайына байланысты Жездіден Ұлытауға қоныс аудардық. Бұған дейін Жезді аудандық «Октябрь туы» газетінде қызмет етіп едім. «Ұлытау өңірі» газетінің ұжымы мены жылы қарсы алды. Марқұм Қуаныш аға Сыйқымбаев басқаратын ауыл шаруашылығы бөліміне тілші болып орналастым.

«Октябрь туында» жүргенде газетті шығару процесіне бөлім меңгерушілері ғана қатысатын. Мына жақта тілшілер де тартылған екен. Ол кезде газет аптасына үш рет шығады ғой. Кезекті бір санына мені кезекші етіп қойды. Баспахана бөлек ғимаратта орналасқан, ондағы үлкен залдың бір бұрышында шағын сары стол қойылыпты. Үстінде кішкентай лампа, екі жағында – екі орындақ. Бірінде Гүлекең отырады екен.

Бұл – Гүлдариға Бекентайқызының өз кәсібінің шебері атанып, біліктілігінің толысқан кезі. Корректор қызметін атарғанына 10 жыл болыпты. Бұрын қате шығарудан хабарым жоқ мені қызығы мен қиындығы алмағайып түсіп жататын жұмысқа үйрете бастады. Оның өз ісін жетік меңгергені бетті оқуда ғана емес, материалдарды ораналастыруда да айқын аңғарылып тұрды. Кейде материалдар симай, бет жасаушылар қиналып жатқан кезде Гүлекең мақаланың мәтінін оп-оңай қысқартып, жымын білдірмей жібереді. «Сен тілшісің ғой, мынаны оқышы, сөйлемдерінің сәйкеспей қалған жері жоқ па» деп қолыма ұстатады. Онысы қысқартылған мақала емес, әу баста солай жазылған дүние сияқты жымдасып жатады.

…Уақыт жылжып жатты. Гүлекең де алғашқы жалдардағыдай «Гүлдариға» емес «Гүлдашқа» айналды. Оған да себеп бар. Сол тұстары газетте жас шамалары аса алшақ емес Аманбек Сүлейменов, марқұм Мақсұт Дүйсековпен бірге қызмет еттім. Бәріміз де қылшылдап тұрған жаспыз. Кейде бастықтың көзін ала бере «көңіл көтергіміз» келіп, қалтамыздың түбін қаққылаймыз. Ондайда Гүлекеңе «Гүлдашжан, саған өзіміздей сенеміз. Қалғанын өзің «жәукемдей» салсайшы дейміз». Көңілімізді қалдырғысы келмей, келісімін беретін. Содан бастап Гүлдариға ұжымда «Гүлдаш» атанып кетті.

Ал, кейін Гүлдариға Сыздықова осы газеттің жауапты хатшысы болды. Басылым «кухнясын» толық меңгерген жанға бұл еш қиындық тудырмады, бас штаб жұмысын ұршықша иіріп әкетті. Енді біз ол кісіні қызмет лауазымына сәйкес, Гүлеке деп атай бастадық. Бірақ, көңіл төрінде Гүлдаш болып қалды.

Ардагер

Уақыш шіркін жалын сипатпайды-ау. Кешегі Гүлдаш бүгінде 70 жастың айдынында желкен жайып отыр. «Ұлытау өңірінің» ыстықсуығын бірге көрдік. Зейнет демалысына осы газет редакциясынан шықты. Корректордан жауапты хатшыға дейінгі аралықта өңір жылнамасын жазуға сүбелі үлес қосты. Қолтаңбасын қалдырды.

Қазір Гүлекең – Гүлдариға Сыздықова ақпарат саласының ардагері. Жастар тәлімгері, ардақты әже, қадірлі ене.

Ізтай БЕЛГІБАЙҰЛЫ