Комплаенс: жемқорлықпен тиімді күрес
Ұлытау облысы қоғамдық даму басқармасының мемлекеттік əлеуметтік тапсырысы аясында Қазақстан Республикасы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Ұлытау облысы бойынша департаментінің бастамасымен «Квазимемлекеттік секторда комплаенс қызметті ұйымдастыру» атты семинар-кеңес өтті.
Квазимемлекеттік секторда бармақ басты, көз қысты əрекеттерге жол жоқ. Комплаенс қызметі мекемелердегі жағдайды жіті бақылап, тəуекелдердің алдын алады. Қажет жағдайда талдау жасап, мүдделер қақтығысын болдырмауға əрекет етеді. Семинарда академия спикерлері комплаенс ба ғ д а рл а м а с ы н құру жөнінде баяндап, семинар қатысушыларымен бірге тəуекелдерді анықтау жолдарына талдау жасады.
– Бүгін біз семинарда сыбайлас жемқорлыққа қарсы мəдениетті қалыптастыру, сыбайлас жемқорлық тəуекелдеріне ішкі талдау жүргізу тəртібі жайлы айтатын боламыз. Сондай-ақ сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясатқа, реформаларға шолу жасаймыз, – деді семинардың ашылуында ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Ұлытау облысы бойынша департаменті басшысының бірінші орынбасары Жаслан Хамитов.
Семинар кеңес еркін форматта өрбіді. Оған қатысушылар тақырып аясында сұрақ қоюға мүмкіндік алды. Спикер ретінде шақыртылған Руслан Тоқатов «Адамды түзетпей қоғам өзгермейді. Қоғамдық сананы дұрыс қалыптастырмай, қылмысқа қарсы күресті қолға алу қиын», дейді. Оның айтуынша, Мемлекет басшысы қол қойған 2022-2026 жылдарға арналған сыбайлас жемқорлыққа қарсы тұжырымдаманы жүзеге асырудың қадамдарын түсіндіріп, мемлекет тарапынан атқарылып жатқан шаралар туралы ақпараттандыру маңызды.
Ізтай БЕЛГІБАЙҰЛЫ.