Үкімет алдағы 5 жылда ауылды дамытуға айрықша күш салады – Президент
Бұл туралы Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Түркістан қаласында өткен Ұлттық құрылтайдың екінші отырысы барысында айтты.
Мемлекет басшысының тапсырмасымен Үкімет бірқатар шекаралас ауданды қалпына келтіру мәселесін пысықтады. Соған сәйкес Қатон-Қарағай, Марқакөл және Мақаншы аудандарын қалпына келтіру туралы негізгі шешімдер қабылданды.
«Тиісті жұмыстың бәрін биыл аяқтап, алдағы 2 жылдың ішінде осы үш ауданды қалпына келтіре бастаймыз. Бұл – ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету тұрғысынан қарасақ та өте маңызды мәселе. Осы мәселені көпке созбай, шешуіміз қажет. Жалпы, аудандарды қосу немесе тарату ондағы жұрттың күнделікті өміріне тікелей әсер етеді. Шешім қабылдаған кезде халық саны, экономикалық әлеуеті, инфрақұрылымы түгел ескерілуге тиіс», – деді Президент.
Сондай-ақ Қасым-Жомарт Тоқаев аймақтарды, оның ішінде ауылды өркендету ісіне ерекше мән беретінін айтты.
«Былтыр президент сайлауынан кейін ең алдымен ауылды дамыту мәселесіне арналған Жарлыққа қол қойдым. Үкімет алдағы 5 жылда ауылды дамытуға айрықша күш салатын болады. Ауыл – қазақтың алтын бесігі. Елге еңбегі сіңген көрнекті тұлғалардың басым көпшілігі ауылдан шыққан. Біз елімізді өркендетеміз десек, ауыл мектебінің жай-күйін жақсартуды мықтап қолға алуымыз керек», – деді Мемлекет басшысы.
Айтуынша, бұл жұмыс «Ауыл – ел бесігі» арнайы жобасының аясында кешенді түрде жүзеге асырылады. Бұған қоса Президент мектеп салу, күрделі жөндеу жүргізу және оны жабдықтау жұмысы тиісті деңгейде атқару маңызды екеніне назар аударды.