Кенші қаламгер рухына арналды

Арқалы ақын, зерделі зерттеуші, белгілі қаламгер, Ұлытау ауданының Құрметті азаматы Қуаныш АХМЕТОВ арамызда жүрсе, 75 жасын тойлап жатқан болар едік. Ырғыз бойында туып, ширек ғасыр кенді өлкемізде тер төккен дарынды азамат Ұлытаудың тарихын тамырынан тарта зерттеп, даңқын аспанға көтерді. Ұлт ұясының танымал тарихи тұлғаларының есімдері мен еңбектерін архив деректерін негізге ала отырып, жалпақ жұртқа паш етті. «Ұлы Даланың Ұлытауы» атты аса құнды қос томдық – соның айғағы.

Жақында қарымды қаламгердің туғанына 75 жыл толуына орай, Жезқазған тарихи-археологиялық өлкетану мұражайында тұлғалы азаматтың өмірі мен шығармашылығына арналған «Ұлытауды ұлықтаған нар тұлға» атты көрме ұйымдастырылды. Оның ашылу салтанатына Қуаныш Ахметовпен шахтада бірге еңбек еткен ардагер кеншілер, қаламдас достары, қала əкімдігі мен жергілікті БАҚ өкілдері қатысты. «Орнында бар оңалар» дегендей, шырайлы шараның ортасында ақынның ұлы Мұрат Ахметов те болды.

Ақынның өмірі мен шығармашылығынан қысқаша бейнетаспа көрсетілді.Жезқазған қаласы əкімінің орынбасары Зина Ақылбекова жұртшылықты көрменің ашылуымен құттықтап, ұйымдастырушыларға қала əкімдігі атынан алғыс айтты.

Мұражай қызметкерлерінің осы көрмені ұйымдастыруына қамқорлық көрсетіп, тікелей ұйытқы болған «Қазақмыс» корпорациясы» ЖШС жанындағы «Ардагерлер кеңесі» қоғамдық бірлестігінің Басқарма төрағасы Төлеген Бүкіров туған өлке тарихы жайлы аса құнды еңбектер жазған талантты ақын, тамаша тарихшы, қаламы жүйрік журналист Қуаныш Ахметовтың өнегелі өмірі, Отанын сүю мен ұлтжандылықтың ұлағатты үлгісі екенін атап өтті.

Сəтбаев қаласының Құрметті азаматтары – Яхия Асатов, Зейнеп Əбілбекова және Мұса Тілеуов көрме кейіпкерімен қатар жүрген күндерден естелік айтып, арнау өлеңдерін оқыды. «Ұлытауда туып, Жезқазғанда өскен небір өрен азаматтар Ұлытауды дәл Қуаныштай ұлықтай алған жоқ. Ырғыздың ұланы, Жезқазғанда шыңдалған дарынды тұлға Ұлытаудың ұлық тарихын терең зерттеп, өшпес шығармалар қалдырды. Сол себепті, осыы өңірді өзінің туған жеріндей сүйген дарын иесіне қанаттас қос қаладан көше немесе мектеп атын беруді ұсынамын» деді Яхия Асатов сөз түйінінде.

Көрмеге қатысушылар бұл ұсынысқа бірауыздан қолдау білдірді. Иә, тарихшы қаламгер Қуаныш қандай құрметке де лайықты. Азаматтың ерен еңбегі ескерілгені жөн.

Әбулайс МУЛАХОВ,

 «Қазақмыс Корпорациясы» ЖШС жанындағы «Ардагерлер кеңесі» ҚБ Сәтбаев филиалының басшысы.