Күзгі жиын-терін қарқынды

Қоңыр күзде Ұлытау даласы ерекше күйге енеді. Толқындана тербелген егін алқаптарында жүрген дала кемесі – комбайндардың гүрілі кең даланы тамаша әуенге бөлегендей болады. Бұл – диқандардың жыл бойғы маңдай терінің жемісін жинап, егінді қамбаға құйып жатқан сәті.

Даланың дамылсыз тіршілігі

Аудан көлемінде биыл 16 780 гектар жерге егін егілді. Оның 15,5 мың гектары – бидай, 1,28 мың гектары – арпа, ал картоп пен көкөніске 65 гектар жер бөлінді. Бүгінгі таңда 10 550 гектар егіс алқабы орылып, диқандардың тынымсыз еңбегінің арқасында дәнді дақылдардың орташа өнімділігі гектарына 12 центнер болып отыр.
Көктемнен бастап жер жыртып, тұқым сеуіп, жаздың аптабында егіннің әр талын баптаған еңбек адамдары үшін қазір – ең жауапты кезең. Қамбаға құйылған әр қап астық – олардың маңдай терінің өлшемі.
Биылғы жиын-терін науқанында шаруаларға жаңартылған техника үлкен қолдау болып отыр. 2025 жылдың 9 айында ауданға 41 бірлік ауыл шаруашылығы техникасы жеткізілген. Оның ішінде 20 трактор, 1 комбайн және 20 түрлі қосымша техника бар. Бұл – еңбектің өнімділігін арттырып, дала жұмыстарын уақытылы аяқтауға зор мүмкіндік беруде.
Ұлытау өңірінде аты жиі аталатын іргелі шаруашылықтардың қатарында «Бекетай-баба» және «Өмірбеков» қожалықтары бар.
Егіннің әр дәнін алтынға балайтын бұл шаруашылықтарда күн-түн демей еңбектенетін нағыз дала еңбеккерлері жетерлік.
Олар биылғы науқанда дизель отынының уақытылы әрі жеңілдетілген бағамен жеткізілгеніне дән риза.
– Уақытылы жасалған қолдау – диқандарға үлкен демеу. Қажетті отын-май жеткілікті болса, дала жұмысы да тоқтаусыз жүреді, – дейді қожалық басшылары.
Егін орағы – тек астық жинау ғана емес, ол – ауыл өмірінің айнасы. Дала төсінде күн сайын маңдайынан тер сорғалаған еңбеккерлер – елдің азық-түлік қауіпсіздігінің тірегі.
Биылғы берекелі еңбек – Ұлытау диқандарының қажырлы еңбегі мен ұйымшылдығының арқасы. Олар өз жұмысына адалдық танытып, жерге сүйіспеншілікпен қараған сайын өңірдің де ырысы арта бермек.

Досан ДУЛЫҒАЛЫ.