КӘСІПКЕРЛІКТІ ҚОЛДАУ – ДАМУҒА БАСТАУ
Жезқазғанда «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қорының кеңсесі ашылды. Кеңсенің ашылуына Ұлытау облысының әкімі Берік Әбдіғалиұлы мен «Бәйтерек» ҰБХ АҚ-ның Басқарма төрағасы Қанат Шарлапаев арнайы қатысты.
Биыл кәсіпкерлік субъектілеріне, кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жоба аясында облыстық бюджеттен 136 млн. теңге қарастырылған. Сонымен қатар, банктердің несиелері бойынша пайыздық мөлшерлемені субсидиялауға облыстық бюджеттен 300 млн. теңге бөлінді. Бұл бағыттағы жұмыстар жалғасатын болады.
«Өңірде жұмыс істеп тұрған шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінің саны 19 мың бірлік шамасында, өсім 30 пайызды құрады. Бөлшек тауар айналымының көлемі 45,4 млрд теңгені құрап, өсім 17 пайызды көрсетті. Қол жеткен табыстарымыз да, жетістіктеріміз де аз емес. Дегенмен, одан әрі жақсы көрсеткіштерге жету басты мақсатымыз»-деді ашылу салтанатында Ұлытау облысының әкімі Берік Әбдіғалиұлы.
Айта кетейік, Ұлытау облысының тұрғындары үшін «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қорының кеңсесі Жезқазған қ., Бейбітшілік көшесі, 43/1 мекенжайында қызмет көрсетеді.