Кәсіпкерлер қолдау қаражатына ие болды

Бүгін Ұлытау облысындағы кәсіпкерлерге «Ауыл аманаты» жобасы бойынша тұңғыш сертификаттар берілді. Жоба аясында өңірге қомақты қаражат бөлініп, тағы 424 жұмыс орнын құру жоспарлануда, тиісінше өңірде атаулы әлеуметтік көмек алушылар саны 130 адамға қысқарады.

Сертификаттарды Мибұлақ ауылдық округінің қос тұрғыны Ермекбай Аясын мен Кәрібай Ермекке Ұлытау облысының әкімі Берік Әбдіғалиұлы арнайы табыс етіп, жоба – кәсіп иелерінің табысын арттыруға таптырмас мүмкіндік екенін жеткізді.

«2023 жылы «Ауыл Аманаты» жобасына біздің облыс үшін республикалық бюджеттен 3 млрд. 370 млн. теңге бөлінді. Ауыл Аманаты» бағдарламасын іске асыру — 2026 жылға қарай өзін – өзі жұмыспен қамтыған адамдардың табысын 2 есеге арттыруға, атаулы әлеуметтік көмек алушылар санын 2 есеге қысқартуға мүмкіндік береді деп болжап отырмыз» — деді өз сөзінде өңір басшысы.

Сондай-ақ, «Ауыл Аманаты» жобасы — ауыл тұрғындарына қызмет көрсету саласында өзге де түрлі қызмет көрсететін бизнес субъектілерін ашуға мүмкіндік береді.

Аталған бағдарламаға сәйкес Ұлытау облысы бойынша жалпы соммасы 386,5 млн.тг. құрайтын 53 өтінім келіп түсті. Оның ішінде басым бөлігі мал шаруашылығы және 1 наубайхана, 1 жоба өсімдік бағытында, 1 жоба биогумус өндірісі және жылыжай бағыттарында.

Естеріңізге сала кетейік, микрокредит жылдық мөлшерлемесі 2,5% — бен, 5 жыл мерзімге беріледі (мал шаруашылығы жобалары бойынша 7 жылға дейін). Өтінімдерді «Ұлытау» ӘКК беру қажет.