Көші-қон саясаты – өңірлік дамудың жаңа бағыты

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың жаңа Жолдауында еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуы үшін ең маңызды бағыттардың бірі ретінде еңбек нарығының теңгерімді дамуы мен өңірлерді кадрлық ресурстармен қамтамасыз ету айқындалды. Мемлекет басшысы атап өткендей, «Қазақстанның болашағы – аймақтардың әлеуетін толық ашуда, азаматтарға тең мүмкіндік жасауда». Осы тұрғыдан алғанда, Көші-қон бағдарламасы ел дамуының стратегиялық міндеттерімен үйлесіп, өңірлік саясаттың пәрменді тетігіне айналып отыр.

Көші-қон саясатының негізгі өзегі – демографиялық теңгерімді сақтау, халық саны тығыз аймақтардан еңбек ресурстары тапшылығы сезілетін өңірлерге қоныс аудару арқылы жұмыс күші жетіспейтін салаларды мамандармен қамтамасыз ету. Бұл – тек кадр тапшылығын шешу ғана емес, сонымен қатар елді мекендердің әлеуметтік-экономикалық дамуына жаңа серпін беру міндетін де атқарады.
Мемлекеттік деңгейде қолға алынған бұл бастама ауылдық аймақтардың жандануына, инфрақұрылымның дамуына, халық санының көбеюіне ықпал етуде. Бұл бағытта Ұлытау ауданында тілге тиек етерлік жұмыстар бар. Қолымызға тиген ақпараттарға қарағанда аудан көлемінде бүгінгі таңда 32 отбасы (134 адам) жаңа қоныс тепкен. Оның ішінде 54-і мектеп жасындағы балалар, 13-і бөбекжай тәрбиеленушілері, 9-ы мектепке дейінгі жастағы балалар. Бұл – білім беру мекемелеріндегі толымдылықты арттырып, ауылдардың әлеуметтік тіршілігін жаңғыртып отырған көрсеткіш.
Жаңа қоныстанушылармен толыққан ауылдардың бірі – Қоскөл ауылдық округі. Бүгінде мұнда Қызылорда облысынан келген 4 отбасы, 19 адам. Бұл – бағдарламаның табысты жүзеге асуының нақты айғағы. Қоныстанушылардың бір бөлігі ауыл әкімдігіне, фельдшерлік-акушерлік пунктке, жалпы білім беретін мектепке және спорт үйірмелеріне жұмысқа орналасқан. Балалары білім мен тәрбиенің толыққанды жүйесіне тартылды. Жергілікті жұртшылық та жаңа қоныстанушыларды жылы қабылдап, олардың әлеуметтік ортаға бейімделуіне жан-жақты қолдау көрсетіп отыр. Бұл өз кезегінде қоғамдағы ынтымақтастық пен өзара түсіністіктің орныққанын айқындайды.
Жалпы, қоныстанушылардың белсенділігі ауыл шаруашылығынан бастап, әлеуметтік қызмет көрсетуге дейінгі салаларға жаңа тыныс береді. Бағдарлама арқылы ауылдардың еңбек әлеуеті артуда. Кадр тапшылығы шешімін таба бастады. Жергілікті экономиканың белсенділігі күшейді. Бұл – тек Қоскөл үшін ғана емес, жалпы өңірдің тұрақты дамуына бағытталған ұзақ мерзімді саясаттың бір көрінісі.
Жолдаудағы басты қағидаттардың бірі – әлеуметтік әділеттілік пен өңірлік теңгерімді дамыту. Осы орайда көші-қон саясатын тиімді жүзеге асыру – елдің әлеуметтік тұрақтылығы мен экономикалық ілгерілеуінің кепілі. Алдағы уақытта бағдарлама аясында қоныс аударушыларға арналған тұрғын үй құрылысы мен инфрақұрылымдық қолдау күшейтілмек. Жұмыс орындарын ашу, кәсіпкерлікке ынталандыру шаралары жалғасын табады. Білім беру мен денсаулық сақтау салаларына жас мамандарды тарту негізгі басымдық болады.
Көші-қон бағдарламасы – жай ғана қоныстану емес, ол ауылдардың болашағын қалыптастырудың, өңірлік дамуды қамтамасыз етудің, ел бірлігін бекемдеудің нақты құралы. Қоскөл тәжірибесі осының айқын дәлелі. Президенттің жаңа Жолдауындағы стратегиялық бағыттармен ұштасқан бұл бастама алдағы жылдары да өңірлердің өркендеуіне, халықтың әл-ауқатын арттыруға қызмет ететіні сөзсіз.

Ізтай БЕЛГІБАЙҰЛЫ.