Көптің көкейіндегі қозғалды
Аудан әкімдігінің мәжіліс залында Ұлытау ауылы ардагерлер кеңесінің ардагерлермен жалпы жиналысы өтті. Оның барысында бақай есеп, жеке мүдде аясындағы емес, елдік мұрат ұстанымымен аудандық, ауылдық деңгейдегі мәселелер қозғалды. Қариялар қауымы аудан басшылығы мен тиісті мекеме, бөлімдер басшыларына ортақ мүдделі істерге қатысты өз ұсыныстарын білдірді.
Жиынға аудан әкімінің міндетін атқарушы Мақсұт ОСПАНОВ, аудан прокуроры Рахымжан РАХАТОВ, аудандық полиция бөлімінің бастығы Руслан ДІЛМҰХАМЕТОВ және салалық бөлімдер мен мекемелер басшылары, жергілікті БАҚ өкілдері қатысты.
Жиналысты тізгіндеген Ұлытау ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы Есенғали Әбжамалов қатысушыларға толғақты мәселелерді бүкпесіз қозғауды ұсынып, ашық әңгімеге шақырды.
Сонымен… Аудан орталығындағы шешімін таппай тұрған өзекті мәселелер тілге тиек етілді. Ардагерлер Қаңтарбай Ділімбетов, Айткүл Темірбекова кәріз жүйесіндегі кем-кетікті «жіпке тізгендей» айтып шықты. Тұрғындардың «бас ауруына айналған» ауызсу мәселесі жайында салмақты сөз қозғалды. Қариялар аудандық ТҮКШ, ЖК, АЖ және ТҮИ бөлімінің басшысы Бақтияр Пардабековке көп шүйлікті. Әңгіме аясында «Ұлытау» саябағы, субұрқақ, Асанқайғы ескерткіші, балалар ойын алаңы тәріздес орындардың жай-күйі де назардан тыс қалмады. Олардың қазіргі келбеті мәз емес екенін айтып, ауылдық округ әкімі Талғат Әбжаппаровты сынға алды.
Сондай-ақ, дүкен сөрелеріндегі әлеуметтік маңызы бар тауарлардың бағасы тым шарықтап кеткені де сөз болды. Бұған қатысты сөз аудандық кәсіпкерлік және өнеркәсіп бөлімінің басшысы Гүлнар Ауғановаға бағытталды.
Жем-шөп бағасын тұрақтандыру жайы да қозғалды. Соған байланысты аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Сағади Обайдуллинге бағаны қолжетімді ету жөнінде ұсыныс білдірді.
Тізе берсек, айтылған ұсыныс-пікір де, сын-ескертпелер де аз емес. Соның бәрі – орынды. Мәселен, электр қуатының үздіксіз берілуі – өзекті мәселе. «Қыс – қыр астында», электр желілеріне жөндеу жұмыстары қазір жүргізілмесе, ертең кеш. Сол себепті, ардагерлер бұл мәселеге айрықша тоқталды. Ал, апатты бағандар мен ток сымдарына қатысты олқылықтарды осы саланың ардагері Қуаныш Бекілдеков «жіліктеп» берді. Ол электр сымдары босағанын, тозығы жеткенін айтып, соларды ретке келтіруге ең болмаса бір электр монтері жоқ екеніне қынжылды. Аудан орталығында жарықтың сәл жаңбыр сіркіреп, болмашы жел тұрса, «жалп» ете қалатынын да жасырмады. Ардагер «мынау істелсе» деген өтінішімен бірге, өзінің білікті маман ретінде ақыл-кеңес беруге қашанда ықыласты екенін жеткізді.
Аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Әлімбек Жандарбеков ардагерлер сөзі негізсіз еместігін атап өтіп, кәріз жүйесіндегі қордаланған мәселелер туралы ашық айтты.
Шындығында, қариялардың қынжылыс білдіретін жөні бар. Тұрғындармен тілдесе қалсаң, амандық-саулықтан кейінгі айтатыны – ауызсудың зары, жарықтың жиі сөнуі, кәріз жүйесінің іске қосылмауы.
Жиын барысында ардагерлер тарапынан қойылған сан түрлі сауалға ауыл әкімі Талғат Әбжаппаров, бөлім басшылары Сағади Обайдуллин, Бақтияр Пардабеков және Асылхан Әлімсейіт жауап берді. Сонымен қоса, өз ойларын ортаға салды. Алайда олардың жауаптары мен уәждеріне қатысушылар қанағаттана қоймады.
Басқосу түйінінде ұсыныс-пікірлер хаттамаға түсіріліп, ауыл әкіміне жолданды.
Аудан әкімінің міндетін атқарушы Мақсұт Оспанов көтерілген мәселелер тұрақты бақылауға алынатынын мәлімдеді.
Қайрат ЖҰМАБАЙ