Көне мұраларды жаңғыртқан «Көкмайса» этно-фестивалі көпшілікті тәнті етті

Өткен сенбіде Ұлт ұясы – Ұлытау бөктерінде дəстүрлі «Көкмайса» этно-фестивалі өтті. Əрісі Түркістан облысынан, берісі қазыналы Қаражал өңірі мен жазиралы Жаңаарқадан арнайы көрермендер мен қатысушылар келген айшықты шарада ұлттық құндылықтарымыз дəріптеліп, көпшілікті қызығына кенелтті.

Орайы келгенде айта кетейік, аталмыш этно-фестиваль ең алғаш 2012 жылы «Терісаққан көктемі» деген атаумен жалауын көтерген еді. Ұлт бесігінің қазақ тарихында алатын баға жетпес маңызды орнын кең тұрғыда дəріптеу, көне дəуірлерден жеткен тарихи мұра санатындағы ескерткіштерін таныстыру, ұлттық салт-дəстүрлер мен əдет-ғұрыптардың қайталанбас бітім-болмысы мен ұлттық спорт ойындарының тартымдылығын насихаттауды мақсат еткен айшықты шара уақыт өте келе өңірлік, кейін облыстық сипатқа ие болды. Соңғы жылдары «Көкмайса» деген атауға ие болып, оған Ұлытау өңірімен іргелес жатқан аудан ауылдардан да қатысушылар келіп, қанатын жая түсті. Тіпті, аудан, облыс шеңберінен шығып, Қазақстанның өзге де өңірлерінде аталып өте бастады. Түп-тамыры ұлт руханиятының қайнарынан бастау алатын «Көкмайса» этнофестивалінің өзекті міндеті Қазақстан аумағына шетелдерден келетін туристер мен ел азаматтарын Ұлытаудың шежірелі тарихы мен құнды ескерткіш-жəдігерлерін қызықтауға тарту арқылы келешекте туризм саласын дамыту. Соған орай, тағылымы терең іс-шара барысында өңірдің ауасы мен суының, тұма табиғатының адам ағзасына таптырмас дəру екендігі əспеттелді. Сырт келбеті келісті, ішкі безендірілуі кез келген кірпияз жанның көңіліне шуақ ұялататын еңселі киіз үйлерде меймандос пейілмен жайылған көл-көсір дастарқан жайлау төсінде өрген төрт түліктің еті мен сүтінен өндірілетін табиғи тағам түрлерінің аса құнарлы екендігін айғақтады. Этнофестивальде сонымен қатар, өңір тұрғындарын туризмнің ерекшеліктері мен оған қатысты талаптарды жете зерделеп, меңгеруге бейімдеу, өз кəсібін ұйымдастырып, жүргізуге қабілетті іскер азаматтарды туризм саласындағы кəсіппен шұғылдануға бағыттау жайына да басты меженің бірі ретінде айрықша көңіл бөлінді.

Міне, өзіне осындай зор міндеттер жүктеген дəстүрлі фестиваль қасиетті Көктөбенің баурайындағы «Шыңғыс алаңында» тоғызыншы рет ұйымдастырылып отыр. Жас ұрпақ бойына ұлттық құндылықтарды сіңіретін облыстық фестиваль барысында қымызмұрындық рəсімі, киіз басу, ши тоқу, ұсталық өнер, арқан есу, қамшы өру сынды дəстүрлеріміз бен бұл күндері ұмытыла бастаған зергерлік өнер, домбыра жасау ұлттық қолөнер түрлерінен жəне қымыз ашытудан шеберлік сағаты өтті.
– Жыл сайынғы дəстүрге айналып келе жатқан «Көкмайса» этнофестивалі карантин уақытында үзіліп қалып еді, биыл қайта жаңғырып қуанышымызды еселеп жатыр. Осы жылы жүлде қоры 4 000 000 теңгені құрайды. Соның аясында 11 спорт түрінен жарыс ұйымдастырылды. Қатысушыларға сəттілік тілеймін, – деді фестивальдің ашылу салтанатында Ұлытау облысы əкімінің міндетін атқарушы Алмас Ыдырысов.
Этно-фестиваль идеясының авторы, өлкетанушы Бақтияр Қожахметовтің айтуынша, «Көкмайсаның» қазір ауқымы кеңею үстінде.
Ұлттық сусынымыз – қымыздың қасиетін дəріптейтін дəл осындай іс-шараны ұйымдастыруда соңғы үш жылда Ақмола облысының Атбасар, Степногорск, Қорғалжың, Ерейментау жəне Павлодар облысының Шарбақты аудандары белсенділік танытып келе жатыр.
Ресми ашылудан соң көптен күткен фестиваль қызығы да басталды. Жұртшылық əуелі қазық қағу, желі майлау, құлын байлау рəсімдерін тамашалады. Бұдан соң бие сауылып, қымыз ашыту рəсімі көрсетілді. Оның көпшілік біле бермейтін қыр-сыры мен қымыз ашытуға қатысты аңыз-əпсана да айтылды.

Келесі кезекте сахнаға əр аймақтан жиналған «мешкейлер» шықты. Олардың бір тобы қымыз ішуден жарысса, енді бір тобы алдарына тартылған табақтағы қой етін жеп жарысты. Жеңімпаздар ақшалай сертификатқа ие болды.

Бұл күні білекті де жүректі жігіттер боз кілемде белдесті. Садақшылар жақ тартып, нысана көздеді. Енді бір жерде балалар асық атып, мергендік сынасты. Мұнда да жеңімпаздар ақшалай сыйлыққа ие болды.
«Көкмайсада» əуелетіп əн шырқалып, мың бұралған би де биленді. Жиналған қауым алтыбақан теуіп, қызыққа кенелді. Ұлттық тағамдардан ауыз тиіп, қолөнер түрлерін тамашалады. Осылайша, көптен күткен «Көкмайса» көпшілікті тағы да тəнті етті.

Қыш құмыралар – көненің көзіндей

Қыш құмыралар десе, археологиялық қазбалар кезінде табылған ернеуі жарылған, сынған құмыралар көз алдымызға келеді. Жалпы, қыш құмыралар Қазақстан жерінде неолит дəуірінен бастап белгілі. Бір қуаныштысы, соңғы кездері осы көненің көзіндей болған қыш құмыраларды, жалпы, қыш бұйымдарын жасауға жастар да талпыныс жасап жатыр. Солардың бірі қыш бұйымдар жасау шебері – Салтанат Сыздықова.
«Көкмайса» фестиваліне келген көшпелі көрмеде осы Салтанат Қуатқызы шеберлік сыныбын өткізіп, қыш құмыраны жасаудың құпиясымен бөліскен еді.
– Қазіргі мен жасап жүрген қыш бұйымдары мен көне қыш бұйымдарының айтарлықтай айырмашылығы жоқ, технологиясы бір, бірақ күйдіру процесінде ғана ерекшеліктер бар, ертеректе отқа салып күйдірген болса, мен арнайы пеште күйдіремін, – дейді қыш шебері. Шеберден қыш өнері туралы сұрадық, ұлттық өнер мұрасының қыр-сыры, ерекшеліктері, қолданылу аясы турасында əңгіме қозғадық.
– Мен, негізінен, сұранысқа сай келсе, таба, құмыра секілді тұрмыстық бұйымдар жасай беремін. Бұрын ата-бабамыз қыш бұйымдарды пайдаланған, қазір ғой Қытайдан, басқа елдерден əкелінген шыны ыдыстарға құмар болып кеттік. Олардың химиялық құрамы да бізге белгісіз. Ал балшықтың химиялық құрамы зиянсыз, табиғи өнім. Саз құрамында кальций мол болады екен, сондай-ақ оның құрамындағы радий элементі ағзадағы зиянды заттарды ыдыратуға көмектеседі екен. Жалпы, кейбір Азия елдерінде қыш өнері жақсы жолға қойылған. Мəселен, Үндістан, Өзбекстан халқы қыштан ыдыс жасап, күнделікті тұрмыста пайдаланып отыр…
Сонымен бірге кəдесыйларға сұраныс бар. Неше түрлі кəдесый жасауға тырысамын. Ең бастысы, тұтынушының қалтасы көтеретіндей қылып жасаймын. Шағын қыш мүсіндерін, құмыралар, жан-жануарлар мен рулар таңбасы бейнеленген шағын бойтұмарлар жасаймын. Рас, өзіндік қиындықтары да жоқ емес. Ең бастысы бұйымдар жасайтын қышты Алматыдан алдырамын. Жергілікті жердің саз балшығының құрамын əзірге зерттеп көргенім жоқ. Түбі оған да ораламын, – дейді Салтанат ағынан жарылып.

Атадан қалған асыл мұра

Қазақ ұлттық мəдениетінің ең байырғы, аса құнды салаларының бірі – қолөнері, оның ішінде – ши тоқу.
Ши тоқу (орау) – бұрын жəне қазіргі кезде қазақ халқы мен Орта Азия халықтары арасында кеңінен тараған өнер. Күнделікті тұрмыс пен шаруашылық қажеті үшін тоқылған ши қазірге дейін кеңінен пайдаланылып келеді.
Оны киіз үйдің құрамдас бір бөлігі ретінде кереге сыртына тұтуға, сондай-ақ үй ішіндегі ыдыс-аяқ, ошақ басын қоршай қоюға əр түрлі үй шаруашылық мүддесіне кеңінен пайдаланылады.

Этно-фестивальде «Ұлытау» тарихи-мəдени жəне табиғи ұлттық қорық-мұражайының қор сақтаушысы – Бақыткүл Баймағамбетова ұлттық қолөнеріміздің осы бір күрделі саласының қыры мен сырын баяндады. – Қазақ халқының қолөнері саласында ши тоқу, оған боялған түрлі-түсті жүн орап, өрнектеп безендіру ісі ғасырлар бойы қалыптасып келе жатқан ұлттық өнері болып табылады.
Ши сырт көрінісіне қарай – ақ ши, ораулы ши, шым ши болып үш топқа бөлінеді. Олардың əрқайсысы өз орнымен əртүрлі мақсатқа пайдаланылады.
Атап айтқанда, қабығынан тазартылған ақ шиді көбінесе құрт, ірімшік т. б. жаю үшін қолданылатын болса, ұзына бойы əр түсті жүнмен немесе жібекпен оралған шым ши киіз үйдің сəнді жиһаздарының бірі болып табылады. Ал өн бойы тұтас емес əр жерінен аралатып оралған шиді орама ши немесе ораулы ши деп атайды. Бұл да ши сияқты сəндік жиһаздарының бірі.
Халқымыздың шиді үйге тұтынуының тағы бір қажеттілігі – улы жəндіктерден қорғануы. Ши тұтылған үйге шаян, жылан, қарақұрт кіре алмайды. Өйткені шидың сырты жүнмен оралады. Əлгіндей жəндіктер жүнге жоламайды екен, – дейді Бақыткүл Боранбайқызы өз əңгімесінде.

Ізтай БЕЛГІБАЙҰЛЫ.