Үйлестіру кеңесінің отырысы өтті

Өткен аптада Ұлытаудағы «Сапар орталығында» ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің «Ұлытау» мемлекеттік ұлттық табиғи паркі» республикалық мемлекеттік мекемесі Үйлестіру кеңесінің отырысы өтті.

Іргелі мекеменің алдағы жұмыс жоспарлары мен оларды ұйымдастырудың оңтайлы тәсілдері егжей-тегжейлі қарастырылып, екшелген жиынды жүргізу тізгінін «Ұлытау» мемлекеттік ұлттық табиғи паркі» РМК директоры Айдын Серкебаев ұстады.

Маңызды басқосуға Біріккен ұлттар ұйымының даму бағдарламасы бойынша бірлескен орындаушылары Әсел Әбілдина мен Сәуле Искакова арнайы келіп қатысты

Отырыста күн тәртібіндегі мәселелерді талқылаушылар қатарында аталған кеңестің мүшелері – «Ұлытау» ұлттық тарихи-мәдени және табиғи музей-қорығы» РМҚК директоры Нұрлан Қасымбеков, аудандық мәслихат депутаты Эльмира Ершұманова, аудандық кәсіпкерлік және өнеркәсіп бөлімінің басшысы Гүлнар Ауғанова, Ұлытау селосы ардагерлер кеңесінің төрағасы Есенғали Әбжамалов, «Ұлытау» газетінің редакциясы» ЖШС директоры Ақжол Құрмансейіт, жеке кәсіпкер Манат Олжас, Үйлестіру кеңесінің хатшысы Ерден Рахманиянов болғанын айта кеткен жөн.

Күн тәртібінде, сондайақ, «Ұлытау» МҰТП Үйлестіру кеңесі туралы ережені бекіту және мекеменің 2022 жылдың бірінші жарты жылдығындағы қызметінің қорытындылары жайлы да кеңінен сөз қозғалды.

Аталған мәселелер бойынша Үйлестіру кеңесінің мүшелері өз ойларын ортаға салып, өзекті мәселелерді көтерді. Көтерілген жайттардың шешімін табу жолдары талқыланып, соған сәйкес, тиісті тұжырымдар жасалды.

Өз тілшімізден.