ӨҢІРДЕ ОРЫН АЛҒАН МАЛ ШЫҒЫНЫ БАРЛЫҒЫМЫЗҒА САБАҚ БОЛУЫ ТИІС – БЕРІК ӘБДІҒАЛИҰЛЫ

Ұлытау облысындағы барлық ауыл мен кент әкімдері ветеринарлармен бірлесіп нақты шығын болған малдарды анықтау жұмыстарын жүргізуде. Наурыздың соңына дейін облыстағы өлексе санының нақты тоқтамы жасалады. Бұл жайында өңір басшысы Берік Әбдіғалиұлының Жаңаарқа ауданының шаруа иелерімен кездесуінде айтылды.

Облыс әкімінің айтуынша, қазіргі уақытта көрсетіліп жатқан түрлі цифрлар — жылқының нақты шығыны емес. Олардың қатарында әлі табылмағаны бар, ауа райының қолайсыздығына байланысты ығып кеткен немесе басқа себептермен жоғалған малдар да болуы мүмкін. Сол себепті де нақты шығынды, өлексені санау жұмыстары аяқталған соң, тиісті көмек шаралары қарастырылмақ.

Мәселен, Ұлытау облысында шаруа қожалық иелеріне былтыр 1 миллиард 400 миллион теңге субсидия бөлінген. Оның 749 миллионын Жаңаарқа ауданының фермерлері алды. Қаражат — нақты 2023-2024 жылдың қыс мезгілінде мал басына қарай жем-шөп дайындау үшін берілген болатын.

Қазіргі таңда Жаңаарқа ауданында анықталған өлексе саны – 968-ді құрап отыр.

Айта кетейік, өңірде малдарды бірдейлендіру мен тіркеп көрсету мәселесі де өзекті. Кездесу барысында малды тіркеп көрсетудің қаражат қарастыруда, бірдейлендірудің жоғалған малды анықтауда маңызы үлкен екені айтылды.