ӨҢІР ҮШІН ӨЗЕКТІ МӘСЕЛЕЛЕР ТАЛҚЫЛАНДЫ

Ұлытау облысының әкімі Дастан Рыспековтің төрағалығымен кезекті аппарат жиыны өтті. Күн тәртібінде биылғы қаңтар-қараша айы аралығындағы бюджеттің атқарылу қорытындылары мен отбасының цифрлық картасы аясындағы жұмыс барысы талқыланды.

Алғашқы мәселе бойынша облыстық қаржы басқармасының басшысы Жеңіс Қиянбеков баяндама жасады.

Облыс әкімі бұл ретте барлық бюджеттік бағдарлама әкімшілеріне төлемдерді сапалы және уақытылы енгізуді қамтамасыз етуді, сонымен қатар күн сайын әр бюджеттік бағдарламалар әкімшілері бойынша қаражаттың игерілуі туралы ақпарат ұсынып отыруды тиісті әкім орынбасарына міндеттеді.

Сондай-ақ өңір басшысы келер жылға жоспарланған барлық жобаның уақытылы және сапалы орындалуын да қазірден бастап қолға алу қажеттігін айтты және басты назарда тұрған салалар бойынша 2025 жылдың қаңтарынан қалдырмай конкурс жұмыстарын ұйымдастыру міндетін жүктеді. Оған қоса мемлекеттік сатып алу жоспарын желтоқсанның соңына дейін аяқтау қажеттігін айтты.

Сонымен қатар NEET санатындағы азаматтардың санын азайту мәселесі де күн тәртібінен қалыс қалған жоқ. Өңір басшысы бұл ретте жұмысты күшейтуді, Ұлытау облысындағы әлеуметтік бағдарламаларға қатысушы тұлға санын арттыруды тапсырды, оған қоса, өңір тұрғындарының жергілікті жерде тіркеуде болуын тізім жасап, бақылауға алудың маңызын атап өтті.