ӨҢІР ҮШІН ӨЗЕКТІ МӘСЕЛЕЛЕР ТАЛҚЫЛАНДЫ

Қазіргі таңда Ұлытау облысының Жаңаарқа ауданында 3 мал сою пункті, 3 мал сою алаңы бар. Ал Ұлытау ауданында аталған жұмысты кәсіпкерлермен бірігіп ұйымдастыру қажет. Осы мақсатта облыс әкімі Берік Әбдіғалиұлы ауылдық округтерде арнайы орындар қарастыруды тапсырды.

Сондай-ақ аппарат жиынында өңір басшысы қаңғыбас иттер мәселесінің аудан орталықтары мен елдімекендерде де өзекті екенін жеткізді. Белгілі болғандай, облыс аумағында үй жануарларына арналған баспаналардың, уақытша ұстау пункттерінің болмауына байланысты қоғам қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында аулау қызметі қаңғыбас жануарларды аулау жұмыстарын жүргізуде. 2023 жылы халықтан түскен өтініштердің негізінде облыс аумағында 2830 бас қаңғыбас жануарға эвтаназия әдісі қолданылған. Ал биыл 355 бас ит ауланған.

Ұлытау облыстық ветеринария басқармасының басшысы Әбусағит Әбдікердің баяндауынша екпе жұмыстарын жүргізу үшін препараттар қалалар мен елдімекендерге уақытылы жеткізілуде. Энзоотиялық ауруларға қарсы 18 000 доза екпе, Тейлериоз ауруына қарсы 15 000 доза екпе салынған.

Сонымен қатар облыс әкімі Ұлытау ауданында қырылған ірі қараның нақты санын анықтауды, төтенше жағдай жарияланған жағдайда қажетті жем-шөппен қамтамасыз ету үшін субсидия қаражатын бөлуді тапсырды.