Инвестиция игілікті еселейді
Ұлытау облысының әкімі Дастан Рыспековтің төрағалығымен өңірдің инвестициялық ахуалын жақсарту және кәсіпкерлерді тарту мәселелері бойынша кеңес өтті.
Жиын барысында облыс әкімі инвестицияның экономиканың қозғаушы күші екенін атап өтіп, бұл бағыттағы жұмыстарды жандандыру қажеттігін айтты.
«Жыл басынан бері инвестициялар бойынша көрсеткіштерге қол жеткізілмей отырғаны байқалады. Осыған орай, әкімдер мен тиісті басқарма басшыларына бұл бағыттағы жұмысты күшейтуді және қатаң бақылауды қамтамасыз етуді тапсырамын», – деді облыс әкімі.
Кеңеске өңірдегі ірі инвесторлар мен кәсіпкерлер қатысты. Олардың қатарында «Қазақмыс» корпорациясы, «Сарыарка Энерджи» және «SEPMEM» қытайлық компаниясы бар.
Кеңес барысында «Сарыарка Энерджи» компаниясы 7 млрд теңге көлемінде инвестиция құйып, өңірде көмірді байыту фабрикасын салуды жоспарлап отырғанын мәлімдеді. Компания өкілі Олег Грицай жоба туралы жан-жақты баяндап, оның іске асырылу мерзімі мен экономикалық тиімділігіне тоқталды.
Сондай-ақ, «SEPMEM» компаниясы облыс аумағында 10 млрд теңге көлеміндегі инвестициялық жоба – табиғи газды сұйылту зауытын салу бастамасын ұсынды. Компания өкілі Янг Мин зауыттың техникалық ерекшеліктері мен өңір экономикасына әкелетін пайдасы туралы баяндама жасады.
Кеңес қорытындысы бойынша облыс әкімі өңірге инвестиция тарту жұмыстарын жандандыру үшін мемлекеттік органдарға нақты тапсырмалар берілетінін атап өтті.
«Біз инвесторлардың Ұлытау облысының экономикасына қосқан үлесін жоғары бағалаймыз. Барлық бастамаларды қолдауға дайынбыз. Инвесторлар көтерген мәселелер жан-жақты қарастырылып, оларды шешу жолдары пысықталатын болады», – деді өңір басшысы өз сөзінде.