Халықтың табысын арттыру бағдарламасы әзірленеді
Халықтың табысын арттыру бағдарламасы әзірленеді. Бұл туралы Үкімет отырысында Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Оның атап өтуінше, халықтың табысын арттыру бағдарламасын қалыптастыру үшін мемлекеттік органдармен инфляцияны тежеу, жұмыспен қамтуды қамтамасыз ету, азаматтардың жекелеген санатарына жалақыны арттыру және басқа да іс-шараларды қамтитын мәселелерді пысықтау ұсынылады.
«Бизнеске жүктемені түбегейлі төмендету мәселесінде кәсіпкерлік қызмет саласында жаңа реттеушілік саясатты енгізу мәселелері бойынша заңды іске асыру аясында мемлекеттік реттеудің бүкіл массивін толық қайта қарау жүргізілетін болады», — деді министр.
Әлібек Қуантыров бюджеттің кіріс бөлігін нығайту үшін біріншіден, тау-кен секторынан қосымша түсімдер алу көзделетіндігін айтады.
«Баға конъюнктурасына байланыстыра отырып, барлық қатты пайдалы қазбалар бойынша пайдалы қазбаларды өндіруге салынатын салықтың қосымша мөлшерін есептеу тетігін белгілеу ұсынылады. Екіншіден, мұнай өнімдерін өндірушілер мен жеткізушілер тізбегінен маржаның бір бөлігін алу», — деді ол.
Министр инвестициялық тартымдылықты қалпына келтіру үшін осы жылдың ақпан айында 2025 жылға дейінгі инвестициялық саясат тұжырымдамасын қабылдау жоспарланып отырғандығын атап өтті.
«Оның аясында инвестициялар тарту саясаты ESG, жаһандық энергетикалық және технологиялық көшу талаптарын ескере отырып, қайта қаралатын болады», — деді Әлібек Қуантыров.