Халық сенімімен сайланғандар
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өз Жолдауында елді мекендердің дамуында жергілікті өзін-өзі басқару жүйесін нығайтудың маңызын атап өтіп, «Әкімдерді халықтың өзі сайлайтын уақыт келді» деген маңызды бастама көтерген болатын. Бұл – елдің болашағына, демократиялық қоғам қалыптастыру ісіне бағытталған нақты қадам. Осы бастаманың жүзеге асуының нәтижесінде бүгінде ауыл тұрғындары өз әкімдерін ашық және әділ сайлау арқылы таңдап, жергілікті мәселелердің шешіміне тікелей араласуға мүмкіндік алып отыр.

Сол игі үрдіс жалғасын тауып, 2025 жылғы 9 қараша күні Ұлытау ауданында Қаракеңгір ауылдық округі мен Жезді кенті әкімдерін сайлау өтті. Сайлау қорытындысы бойынша, Қаракеңгір ауылдық округінің әкімі болып Сабыр Баубек Жакудаұлы, ал Жезді кентінің әкімі қызметіне Мұратбек Досымбекұлы Жұмабек сайланды.
ҚАРАКЕҢГІРДЕ
ЖАҢА БАСШЫ
Аудан әкімінің аппарат басшысы Ғабиден Дукембаев пен аудандық аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы Мақсұт Ахметов ауыл тұрғындары алдында жаңа әкімді таныстырып, оған алдағы қызметіне табыс пен сәттілік тіледі.
Сабыр Баубек Жакудаұлы 1993 жылы 29 сәуірде Ұлытау ауданы, Қаракеңгір ауылында дүниеге келген. Білімі бойынша – металлург әрі мемлекеттік басқару ісінің Еңбек жолын 2012 жылы «Қорғау Қызметі» ЖШС Жезқазған қалалық филиалында күзетші болып бастаған. Кейіннен туған ауылына оралып, 2016 жылдан бастап Қаракеңгір ауылдық округі әкімдігі аппаратында жетекші маман, 2020 жылдан бастап бас маман қызметтерін атқарған.
Жергілікті басқару жүйесінде жинақтаған тәжірибесі мен туған жерге деген сүйіспеншілігі оны ауыл тұрғындарының сеніміне ие етіп, жаңа әкім ретінде таңдауға негіз болды.
Қазіргі таңда Сабыр Баубек Жакудаұлы өзіне артылған зор сенімді ақтау, ауылдың әлеуметтік-экономикалық әлеуетін арттыру, елді мекеннің инфрақұрылымын жақсарту бағытында нақты жоспарлармен қызметіне кірісті.
ЖЕЗДІЛІКТЕР МҰРАТБЕК ЖҰМАБЕККЕ
ТАҒЫ СЕНІМ АРТТЫ
Ұлытау аудандық сайлау комиссиясының №23 шешіміне сәйкес, Жезді кентінің әкімі болып Мұратбек Досымбекұлы Жұмабек қайта сайланды.
Аудан әкімінің орынбасары Алмат Сакипов кент тұрғындары алдында жаңа әкімді таныстырып, оның атқарған еңбегін атап өтті. Ал аудандық аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы Мақсұт Ахметов әкімге қызметтік куәлігін табыстап, сәттілік тіледі.
Жұмабек Мұратбек Досымбекұлы 1978 жылы 19 шілдеде Ұлытау ауданының Жезді кентінде дүниеге келген. 1999 жылы Ө.А. Байқоңыров атындағы Жезқазған университетін «Қазақ мектебіндегі орыс тілі мен әдебиеті» мамандығы бойынша бітірген. Еңбек жолын сол жылы Жезді №6 орта мектебінде мұғалім болып бастап, кейіннен мәдениет және ішкі саясат саласында, жастар ісі мен қоғамдық ұйымдармен жұмыс бағытында мол тәжірибе жинақтаған.
2007 жылдан бері Жезді кенті әкімінің аппаратында түрлі қызметтер атқарып, 2021 жылдан бастап кент әкімі ретінде еңбек етіп келеді. Жезді тұрғындары оның еңбегін бағалап, ауыл дамуының жаңа кезеңінде сенім білдірді.
ЖЕРГІЛІКТІ ДАМУ – ХАЛЫҚ
СЕНІМІНЕН БАСТАЛАДЫ
Қаракеңгір мен Жезді өңірлері – Ұлытаудың рухани әрі өндірістік әлеуетін айқындайтын маңызды аймақтар. Ендігі басты міндет – халықтың сенімін ақтап, ауыл мен кенттің өркендеуіне жаңа серпін беру.
Жергілікті сайлаулар – халық пен билік арасындағы сенімді нығайтудың, ел игілігі үшін бірлесе еңбек етудің нақты үлгісі. Ең бастысы – ел болашағының тағдыры өз қолында екенін көрсетеді.
Ізтай БЕЛГІБАЙҰЛЫ.
