Есет Байкен жол жөндеу жұмыстары мен ауылдық елді мекендердің жай-күйін бақылады

Ұлытау облысының әкімі Есет Байкен жұмыс сапары барысында «Жезқазған – Қарағанды» республикалық маңызы бар автомобиль жолында жүргізіліп жатқан жөндеу жұмыстарымен танысты.

Өңір басшысы автожолдың 448–583, 583–683 және 683–783 шақырым аралығындағы учаскелерін аралап, атқарылып жатқан жұмыстардың қарқыны мен сапасын бақылады. Кездесулер барысында негізгі назар құрылыс қарқынын бәсеңдетпеу және жұмыстардың үздіксіз жүргізілуіне қажетті жағдай жасау мәселелеріне аударылды. Атап айтқанда, облыстың жергілікті атқарушы органдары тарапынан шешілуі тиіс мәселелер – шетелдік жұмыс күшіне квота бөлу, жер қатынастарына байланысты рәсімдерді жеделдету және басқа да ұйымдастырушылық мәселелер талқыланды.

Сапар барысында облыс әкімі ауыл шаруашылығы саласындағы бірқатар нысанды да аралады. Ақтүбек ауылдық округіндегі «Мирас», сондай-ақ «ULYTAU MEAT» және «ULYTAU SHEEP» ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативтеріне қарасты «Едіге» және «Нұрәлі», «Бахыт» шаруа қожалықтарының жұмысымен танысты. Шаруалармен кездесіп, саладағы өзекті мәселелер мен ауыл шаруашылығын одан әрі дамыту бағыттарын талқылады.

Қызылжар кентінде Есет Байкен Сарысу өзені арқылы салынып жатқан кіреберіс көпірдің құрылыс барысын тексерді. Сонымен қатар Қызылжар жалпы білім беретін мектебі мен фельдшерлік-акушерлік пункттің қазіргі жағдайымен танысты.

Мектепте өңір басшысы жергілікті зиялы қауым өкілдерімен кездесіп, елді мекенді дамытуға қатысты ұсыныс-пікірлерін тыңдады.

Жұмыс сапарының қорытындысы бойынша облыс әкімі жауапты басқармалар мен аудан әкімдігіне жол және әлеуметтік инфрақұрылым нысандарындағы жұмыстардың сапасын қамтамасыз ету, ауыл тұрғындарын толғандыратын мәселелерді кезең-кезеңімен шешу және ауыл шаруашылығын дамытуға қолдау көрсету жөнінде бірқатар тапсырма берді.