Ерлікпен өрілген тағдыр
Тарих – уақыттан озған тағдырлар естелігі. Ол өткен күннің ақиқатын келешекке аманаттайды. Сол тарихтың бір тарауында Отан үшін от кешкен, жүрегін оққа төсеген, бейбіт таң үшін жанын қиған азаматтардың есімі алтын әріппен жазулы. Сол есімдердің қатарында қазақ даласының ержүрек перзенті, жауынгер, қоғам қайраткері Қозғанбай ҚИЯҚБАЙҰЛЫНЫҢ өмір жолы ерекше орын алады.
1941 жылдың 22 маусымы – XX ғасырдың ең қаралы таңдарының бірі. Бұл күн – миллиондаған тағдырды күрт өзгерткен, елдің болашағын қыл үстіне қойған, бүкіл Кеңес халқын бір жұдырықтай жұмылдырған Ұлы Отан соғысының басталған күні еді. Қазақстан да бұл соғыс өртінен шет қалған жоқ. Даланың ұлдары мен қыздары майдан шебіне аттанып, туған жерді қорғау үшін жанын пида етті. Бірі пулеметпен жауға қарсы шабуылдаса, бірі хат тасып жүріп оққа ұшты.
Сол шежіреде қанмен жазылған беттер де аз емес. Ұлы Отан соғысы – адамзат баласының төзімі мен ерлігі сынға түскен кезең. Сол бір зұлмат жылдары Отан үшін от кешіп, туған елінің амандығы үшін ажалмен бетпе-бет келген қазақтың ержүрек ұлдарының бірі – Қозғанбай Қияқбайұлы болатын.
1942 жылдың қақаған қаңтарында, Арқаның үскірік аязымен бірге қарлы боран ышқына соғып тұрған шақта, бар-жоғы он тоғыз жастағы Қозғанбай Қияқбайұлы туған жері — қоңыр күздің салқыны мен балалықтың табы сіңген Қарсақбай ауылына соңғы рет көз тастап, майдан жолына бет түзеді. Кеңес үкіметінің әскери комиссариатынан келген шақыру – ол үшін жай ғана бұйрық емес, елдің еңсесін көтеріп, ерлікпен ел намысын қорғауға деген ұлы парыздың үні еді.
Бұл – жастықтың жалынды арманын, болашаққа деген үмітін ұлт тағдыры жолына құрбан етуге бел буған мыңдаған қазақ боздақтарының ортақ тағдыры. Алайда сол сан мың сарбаздың арасынан Қозғанбай Қияқбайұлының тағдыры дараланып, ерлік пен өрліктің шынайы бейнесіне айналды. Ол — қас батырдың жолын жалғап, жауға қаймықпай қарсы тұрған, рухы биік, жүрегі от қазақ жауынгерінің жарқын үлгісі болды.
Бұл соғысқа 1 миллион 200 мыңға жуық қазақстандық аттанды, оның 600 мыңнан астамы майдан даласында қаза тапты. Ел іргесін қорғауда қазақ халқы ерекше ерлік көрсетті. Генерал-майор Панфилов басқарған 316-атқыштар дивизиясының ерлігі, Әлия мен Мәншүктің жанқиярлығы, Бауыржан Момышұлының тактикалық данышпандығы – ұлттың қайсар мінезінің айғағы. Қозғанбай Қияқбайұлы да сол ерліктің бір бөлігіне айналды. Калинин майданында орналасқан 114-ші арнайы атқыштар курсанттар бригадасында қызмет еткен ол әскери тапсырмаларды орындаумен қатар, саяси жұмыста да белсенділік танытты. Жауынгерлердің рухын көтеріп, ішкі бірлігін бекемдеуге атсалысты. Қатардағы жауынгерден рота комсоргіне дейін көтеріліп, 1942 жылы Коммунистік партия қатарына қабылданды – бұл сол кезеңдегі үлкен сенім мен сенімділік көрсеткіші болатын.
1942 жылдың жазында, Калинин облысы Марьино қаласы маңындағы шайқаста неміс авиациясы үздіксіз бомбалап, байланыс желілерін үзіп тастайды. Қозғанбай Қияқбайұлы оқ пен оттың ортасында жүріп, үзілген байланыс арнасын қалпына келтіру үшін алдыңғы шепке өзі шығады. Бұл – жай ғана техникалық жұмыс емес, бұл – өмірін қатерге тігіп, батыл шешім қабылдаудың, жауынгерлік адалдықтың көрінісі еді. Осы ерлігі үшін ол «Қызыл Жұлдыз» орденімен марапатталды. Бұл – Кеңес Одағындағы ең беделді әскери наградалардың бірі. Ол жауынгерге ерекше батырлық пен жанқиярлық ерлігі үшін табысталады.
Қозғанбай Қияқбайұлының жауынгерлік ізі Калининнен бастап Белоруссия мен Литваның ормандарын, Шығыс Пруссияның тас жолдарын, Кенигсбергтің (қазіргі Калининград) бекіністерін басып өтті. 1945 жылы Еуропадағы соғыс аяқталғаннан кейін ол Қиыр Шығысқа жіберіліп, жапон милитаристеріне қарсы ұрыстарға қатысты. Бұл – кеңестік жауынгер үшін екі майданда қатар шайқасу деген сөз. Мұндай тағдыр – жүзден біріне ғана бұйырған сын.
Кенигсберг шайқасындағы батырлығы үшін І дәрежелі “Отан соғысы” орденіне, ал Жапонияны жеңуге қосқан үлесі үшін екінші мәрте “Қызыл Жұлдыз” орденіне ие болды. Бұған қоса, «Фашистік Германияны жеңгені үшін», «Кенигсбергті алғаны үшін», «Жапонияны жеңгені үшін» медальдары оның кеудесінде жауынгерлік шежіреге айналды.
1943 жылы аудандық «За медь» газетінде Қарсақпай мектебіндегі шәкірттеріне жолдаған хаты жарияланды. Бұл – оқ пен оттың ортасында жүріп, болашақ ұрпаққа аманат қалдырған шынайы жүрек сыры. Онда Қозғанбай: «Мектепте алған білім майданда қажет болды. Жақсы оқыңдар. Отанды қорғауға дайын болыңдар» – деп жазған. Бұл – жай хат емес, бұл – ұстаздың, жауынгердің, азаматтың болашаққа қалдырған рухани үндеуі.
1945 жылдың көктемінде Қозғанбай Қияқбайұлы елге аман-есен оралды. Алайда тыныш өмірге бой үйретуге үлгермей жатып, қайтадан Қиыр Шығыстағы әскери бөлімге – Владивостоктағы КСРО армиясы құрамына шақырылады. Бұл – соғыс өртінен енді ғана шыққан жас офицер үшін тағы бір сынақ еді.
Сол кезде Қозғанбайдың 13 жасар жетім калған інісі – Төлеутай Ақтұма ауылында туыстардың қамқорлығында болатын. Ағасына деген сағынышы мен сенімі оны Қозғанбаймен бірге болуға итермелейді. Қозғанбай оны өзімен бірге алып кетіп, Владивостокқа ертіп барады. Үкімет тарапынан да қолдау көрсетіліп, екі ағайынға жағдай жасалады.
Алайда туған жерге деген сағыныш Төлеутайдың жүрегінен өшпейді. Ол ақыры батыл шешімге келеді: ағасының рұқсатынсыз елге қайтпақ болады.
1947 жылы, небәрі 14 жасында, ол өз бетімен Владивостоктан Жезқазғанға дейінгі 8 мың шақырымнан астам жолды жүріп өтеді. Ол кезде теміржол желісі толық жетілмеген. Жасөспірім жүк пойыздарына жасырын мініп, аштық пен суыққа, қауіп-қатерге қарамай елге жетуге бел буады. Жол бойы қайырымды жандар оған шай, нан, қант, бір уыс бидай беріп көмектескен. Бірақ ең басты тірегі – туған жерге деген сағынышы еді.
Сегіз күндік жанкешті сапардың соңғы таңында Төлеутай Жезқазған станциясына жеткенін біліп, көз жасына ерік береді. Таныс даланы жүрегімен сезіп, Рудник ауылына қарай бет алады. Ауылға жеткен соң ағайын-туыстарымен қауышады. Жасөспірімнің ерлігі бүкіл ауыл үшін аңызға айналады. Қалтасында сол жолда кездескен жандар берген сарғайған қант пен бір уыс бидай дәні сақталыпты – бұл оның кішкентай жүрегімен жасаған үлкен сапарының куәсі іспетті еді.
Бұл оқиға – Қозғанбай Қияқбайұлының ғана емес, тұтас ұрпақтың тұлғалық қасиетін көрсетеді – бауырға қамқор, елге адал, туған жерге деген сүйіспеншілігі шексіз жандардың өнегелі өмірі.
1942 жылдың қаралы күндерінде, халқының болашағы мен азаттығы үшін от кешкен батырлар сапында Қозғанбай Қияқбайұлы да Ұлы Отан соғысының отты майданына аттанып, Отан алдындағы қасиетті борышын адал атқарды. Жауынгерлік рух пен қайсарлықтың жарқын үлгісін көрсеткен ол, ұрыс даласында ерлік пен табандылықтың символына айналды. Жеңіс туы желбірегеннен кейін де Қозғанбай Қияқбайұлы елге оралуға асықпады – ол әскери қызметін Кеңес армиясының құрамында жалғастырып, алыстағы Владивосток қаласында 1953 жылға дейін Отан алдындағы міндетін абыроймен атқарды. Туған елге тек сол қасиетті борышты толық өтеп, ел тыныштығы мен бейбіт өмірге өз үлесін қосқаннан кейін ғана оралды.
Қозғанбай Кеңес әскерінің қатарына қызметін өтеп, бейбіт өмірге қадам басқан соң да ұдайы күрес жолынан ажыраған жоқ. Ол Жезқазған өңірінің өндірістік өркендеуіне өз үлесін қосып, бұл жердің дамуына белсене атсалысты. «Казмедьстрой» трестінің басшылық қызметтерінде жүріп, Жезқазған, Сәтбаев, Қаражал қалалары мен Жайрем кентінің инфрақұрылымын қалыптастыруға үлкен үлес қосты. Ұйымдастырушылық қабілетімен де ерекшеленіп, жоғары партия мектебін бітіріп, кадр, әлеуметтік мәселелерді шешуде табандылықпен еңбек етті.
1989–1997 жылдар аралығында Жезқазған облыстық мүгедектер қоғамының төрағасы болып, ерекше әлеуметтік топтың мүддесін қорғады. Бұл – оның әділетке деген ішкі ұмтылысын көрсететін тағы бір қыры.
Қозғанбай Қияқбайұлының ерлікке толы өмір жолы оның ұлы – Бауыржан Қозғанбайұлының өнегелі жолында жалғасын тапты. Техника ғылымдарының кандидаты, доцент, өнертапқыш-ғалым, сейсмикалық аймақтарға арналған металл құрылымдар саласының үздігі ретінде елге танымал. Әкесінің тәрбиесі оның тұлға болып қалыптасуына айрықша әсер етті. Ғылыммен ғана шектелмей, жүрегін әнмен тербеткен композитор ретінде де танылған Бауыржан Қозғанбайұлы – республикалық, облыстық байқаулардың жеңімпазы. Ол – “Сағынтпа” сынды жүрек үнімен жазылған әндердің авторы, “Ата мекен – Жезқазған–Ұлытау” ән жинағының құрастырушысы. Ғылым мен өнерді қатар алып жүрген мұндай тұлғалар – замана үніне айналған дарабоздар. Қозғанбай Қияқбайұлы, Бауыржанның әкесі, жай ғана майдангер емес, тұтас бір дәуірдің рухын бойына сіңірген тарихи тұлға еді. Оның өмірі – Отанға деген шексіз адалдықтың, еңбекке терең құрметтің және болашақ ұрпаққа қалдырған асыл мұрасының айқын үлгісі. Мұндай ерлердің есімдері тек тарихтың бетінде ғана емес, халықтың жүрегінде мәңгілікке сақталып, ұрпақтан-ұрпаққа жетеді.
Бүгінгі тыныштық пен дамыған өндіріс, өркендеген аймақ – Қозғанбайдай ер азаматтардың қажырлы еңбегі мен майданда төгілген қанының нәтижесі. Оларды еске алу – біздің міндетіміз ғана емес, ар-ожданымыздың өлшемі.
Қозғанбай Қияқбайұлы – бір ғана адамның емес, тұтас бір дәуірдің бейнесі. Ол – от пен оқтың арасынан аман-есен өтіп, бейбіт өмірдің құрылысшысы болған халықтың асқақ тұлғасы. Оның есімі қазақ тарихының алтын парақтарына мәңгілікке қашалып жазылған.
Қозғанбайдай батырларды ұмытпау – біздің қасиетті парызымыз. Олардың өмірі – тек тарих қана емес, бағалы тағылым. Олар соғыс кезінде Отанды қорғап, бейбіт уақытта болашақты қалыптастырды. Бүгінгі тыныш аспан, дамыған қала, өркендеген ғылым – солардың қолтаңбасы.
Ерғали ҚАСЫМБЕКОВ,
полковник, Ішкі істер министрлігінің ардагері.