ЕМХАНАЛАРДЫҢ КӨШБАСШЫСЫ АНЫҚТАЛДЫ

Бүгін әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының Ұлытау облысы бойынша филиалы «МСАК көшбасшысы» конкурсын қорытындылады. Тәуелсіздік күніне орайластырылған салтанатты шара Жезқазған медициналық орталығының конференц-залында өтті.

2024 жылдың 1 қыркүйегі мен 30 қарашасы аралығында өткен облыстық конкурсқа Ұлытау облысы аумағындағы медициналық-санитарлық алғашқы көмек көрсететін 16 медициналық ұйымның 9-ы қатысты. Олар үш ай бойы 5 бағыт бойынша сынға түсті. Атап айтар болсақ, емханаларға шағымдарды азайту, сақтандырылған азаматтардың қатарын көбейту, МӘМС жүйесін танымалдылығын арттыру, Д есепте тұрған пациенттердің шұғыл медициналық көмекке жүгіну көрсеткішін төмендету, пациенттердің оң көзқарасына ие болу міндеті қойылды.

Осы талаптар үдесінен шығып, жеңіске жеткендерді филиал директорының орынбасары Абылайхан Рахымов, Ұлытау облысының денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Еркебұлан Бейсембаев және «SENIM» денсаулық сақтау жүйесі жұмыскерлерінің салалық кәсіподағының Ұлытау облыстық филиалының төрағасы Балшекер Ермағамбетова құттықтап, марапаттады.

Конкурстың қорытындысы бойынша Жаңаарқа ауданының көпбейінді орталық ауруханасы Ұлытау облысы бойынша «МСАК көшбасшысы» атанды. Жүлделі ІІ орынды Сәтбаев қаласының емханасы жеңіп алса, ІІІ орынды «Макенбаева» ЖШС еншіледі.
Жиын соңында конкурсқа демеушілік жасаған «SENIM» салалық кәсіподағының Ұлытау облыстық филиалының төрағасы Балшекер Ермағамбетоваға Филиалдың Алғыс хаты тапсырылды.
Т.Қалмағамбетов атындағы филармонияның және Жезқазған жоғары медициналық колледждің өнерпаздары салтанатты шараның шырайын кіргізді.

Диана ОРАЗАЛИНА.