Екі өрт сөндіру бекеті ашылады
Осыдан бірер жыл бұрынғы алапат өрттің салдарын ел әлі ұмыта қойған жоқ. Табиғаттың дүлей күші сол жолы талай жерді жалынға орап, тіпті адам шығыны да орын алған еді. Осындай төтенше жағдайға қарсы тұру үшін бүгінде барлық шаралар жасалып жатыр. Таяуда ашылатын екі өрт сөндіру бекеті де соның айғағы.
Жалпы, қазір ауданның 10 елді мекенінде (Шеңбер, Жанкелді, Алғабас, Аманкелді, Қоскөл, Сарысу, Қаракеңгір, Терісаққан, Мибұлақ, Егінді) өрт сөндіру бекеттері құрылып, жұмыс істеп тұр. Олар жергілікті бюджет есебінен қажетті материалдық-техникалық жабдықтармен қамтылған. Су құятын бөшке, тіркеме, бүріккіш және арнайы өрт сөндірушінің жауынгерлік киімдері де алынған. Құрылған бекет жауынгерлері тек өртке ғана шығып қоймайды. Сонымен қатар, олар өздерінің жауапкершілік аймағында болып жатқан басқа да төтенше жағдайларды жоюға да қатысып, қиын жағдайға тап болған адамдарға көмек көрсетеді.
Ауданның даму жоспарына сәйкес, биылғы жылы да ауданда тағы екі өрт сөндіру бекеттері ашылмақ. Атап айтқанда, Борсеңгір ауылы мен Ақтас кентінде өрт сөндіру бекеттерін ашу жоспарланып отыр. Ол үшін бюджеттен арнайы қаржы қарастырылған. Ерікті өрт сөндіруші ретінде жергілікті тұрғындар жұмыспен қамтылады. Сондай-ақ, кезең-кезеңімен аудан бойынша өрт сөндіру бекеттерінің материалдық-техникалық базасы жаңартылып, қажетті құрал жабдықтармен қамтылатын болады, дейді жауапты мамандар.
Аманкелді АҚШАЛ.