Егемен елдің мерейлі мерекесі
Қазақ елі азаттыққа қол жеткізіп, Тәуелсіз ел атанғанына – 30 жыл. Ел үшін қастерлі мерекені ұлытаулықтар да атап өтті. Аудандық Мәдениет үйінде өңір басшысы Советбек МЕДЕБАЕВТЫҢ қатысуымен салтанатты жиын ұйымдастырылды.
Жиында аудан әкімі Советбек Медебаев құттықтау сөз сөйледі. Қасиетті Тәуелсіздіктің мән-мағынасына тоқталды. Еліміздің жеткен жетістіктерін саралады. Сөз соңында аудан басшысы Қазақстан Республикасы Президентінің 2021 жылғы 2 желтоқсандағы Жарлығына сәйкес, өңірдің бірқатар қызметкерлеріне мемлекеттік наградаларды табыстады. «Ерен еңбегі үшін» медалін аудандық кәсіпкерлік және өнеркәсіп бөлімінің басшысы Гүлнар Ауғановаға табыс етті. №1 Ұлытау орта мектебінің мұғалімі Қазыбек Мұқановтың өңіріне «Шапағат» медалін жалтырата тақты. Ұлытау ауылының кәсіпкері Қорғабай Құлшәріповке ҚР Құрмет грамотасын табыстады. Бұдан бөлек, бір топ азаматқа «Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне 30 жыл» мерейтойлық медалін тапсырды. Марапатталған азаматтар қатарында аудандық мәслихат хатшысы Аманжол Мырзабеков, Мәкен Төрегелдин атындағы Жезді тау-кен және балқыту ісі тарихы музейінің директоры Зейпін Қазанбаева, 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасына қатысушысы Дүйсенбек Байболов, аудандық денешынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Марат Оразалин, №14 Алғабас орта мектебі директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары Ақтөре Әлменова, аудандық денешынықтыру және спорт бөлімінің қызметкері Мұханбетжан Еділбаев, Жезді кентінің Мәдени-сауықтыру орталығы директоры Айтбек Бейсенбаев, аудан әкімі аппаратынан Әлия Бұралхина бар. Сондай-ақ, аудан әкімінің орынбасары Жомарт Бегаев «Nur Otan» партиясы төрағасының бірінші орынбасары Бауыржан Байбектің «Белсенді қызметі үшін» төсбелгісімен наградталды. Ауыл шаруашылығы министрінің Құрмет грамотасына «Алдамқұлов» шаруа қожалығының басшысы Қадырбек Алдамқұлов, ҚР Білім және ғылым министрінің Алғыс хатына — Қанат Жылқыбаев иеленді. Ал, өңірдің дамуына өлшеусіз үлес қосқаны үшін ұсынылатын «Ұлытау ауданының Құрметті азаматы» атағы медицина саласының ардагері Төлеу Бегаевқа, Желтоқсан оқиғасына қатысушысы Дүйсенбек Байболов пен ауыл шаруашылығы саласының ардагері Отаубай Жөкебаевқа берілді.
Салтанатты шара одан кейін де жалғасып, жиын барысында аудандық мәслихат хатшысы Аманжол Мырзабеков ізгі құттықтауын жеткізді.
– Бұл мейрам ата-бабаларымыздың сан ғасырлар аңсаған арманының жарқын көрінісі. Бүгінде Қазақ елі даңқының асқақтауы, халықаралық деңгейде абырой-беделінің жоғары бағалануы, ең алдымен ішкі саяси тұрақтылығымыздың бекемдігі. Соның нәтижесінде әлемге танымал ел болдық. Жаңа әлемдегі жаңа Қазақстан ретінде тарихта өз орнымызды алдық. Бұл – барша қазақстандықтар үшін үлкен абырой, зор мақтаныш. Құрметті қауым, баршаңызға Тәуелсіздік мерекесі құтты болсын. Сіздерге зор денсаулық, мол бақыт және табыс тілеймін, — деді Аманжол Мырзабеков.
Сөз соңында мәслихат хатшысы аудан әкімімен бірігіп, ҚР Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай, еселі еңбегімен ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына сүбелі үлес қосқан азаматтарға Қарағанды облысының Құрмет грамотасын табыстады. Бұл марапатқа ұлытаулық еңбек ардагері Серік Баймағанбетов, аудандық білім бөлімінің басшысы Бағдат Әбдірайымов ие болды. Сонымен бірге, ауданның әлеуметтік-экономикасының өркен жаюы жолында еңбек етіп жүрген бірқатар қызметкерлерге облыс әкімінің Алғыс хаты, Ұлытау ауданының Құрмет грамотасы тапсырылды.
Жиында ерен еңбегімен биіктен көрінген еңбек озаттары да құрметтелді. «Еңбек даңқы» төсбелгісі Азатбек Қыдырпатшаевтың өңіріне, «Елеулі еңбегі үшін» медалі Қайрат Сұлтанов пен Гүлжан Тертюбаеваның кеудесіне тағылды. ҚР Іскер әйелдер қауымдастығының төсбелгісіне Жанкелді ауылының балабақша директоры Айнагүл Ақпанова лайықты деп танылды.
Салтанатты кеш соңы мерекелік концерттік бағдарламаға ұласты.
Қайрат ЖҰМАБАЙ