Еңбек құндылығы – кәсіподақтың басты ұстанымы
Биыл Қазақстан кәсіподақтар қозғалысына – 120 жыл. Бұл – еңбек адамын қорғау, әлеуметтік әділеттілік пен жұмысшы құқығын қорғау жолындағы күрделі де жауапты миссиясын абыроймен атқарып келе жатқан ұйымның тағылымға толы тарихы.

Тарихтан там-тұмдап…
Қазақстандағы кәсіподақтар қозғалысының тарихы ХХ ғасырдың басындағы жұмысшы қозғалыстарынан бастау алады. 1905 жылы құрылған алғашқы кәсіподақ ұйымдары еңбекшілердің құқықтарын қорғаудың қоғамдық негізін қалады. Кеңестік кезеңде кәсіподақтар елдің әлеуметтік еңбек саясатының белсенді құралына айналды.
Тәуелсіздік алған жылдары бұл жүйе түбегейлі жаңарды. Нарықтық экономикаға бейімделген жаңа еңбек заңнамасы қабылданып, кәсіподақтардың мәртебесі, міндеті мен өкілеттігі қайта айқындалды.
Қазақстан Кәсіподақтар федерациясы 1990 жылы құрылған болатын. Биыл бұл ұйымға да 35 жыл толып отыр. Осы жылдар ішінде федерация елдегі еңбек адамын қорғаудың қуатты институтына айналып, халықаралық деңгейде беделді ұйым ретінде танылды.
Еңбек адамы – басты құндылық
Бүгінде Кәсіподақтар федерациясының құрамында 2 миллионға жуық мүше бар. Оның құрылымына 16,5 мың бастауыш кәсіподақ ұйымы, 18 аумақтық бірлестік және 24 салалық кәсіподақ кіреді. Бұл – еліміздің барлық өңірін қамтитын кең ауқымды әлеуметтік жүйе.
Ұйымның басты миссиясы – еңбек адамының әлеуметтік және экономикалық мүддесін қорғау. Осы мақсатта кәсіподақтар мемлекеттік органдармен, жұмыс берушілермен және бизнес өкілдерімен үшжақты келісім негізінде әрекет етеді. Нәтижесінде еңбек шарттарының сақталуы, әділ жалақы, қауіпсіз еңбек жағдайы және әлеуметтік кепілдіктер қамтамасыз етіледі.
Ұлытау облысында да еңбек қатынастарын реттеу мен ұжымдық шарттарды жаңарту бағытында нақты істер атқарылуда. Бүгінде облыста бастауыш кәсіподақ ұйымдары белсенді жұмыс істейді. Олар тау-кен, білім, денсаулық сақтау, мәдениет, ауыл шаруашылығы және мемлекеттік қызмет салаларындағы еңбек ұжымдарын қамтиды.
Әлеуметтік әріптестік – тұрақтылық кепілі
Кәсіподақтың басты қағидаты – әлеуметтік әріптестік. Бұл еңбек адамы мен жұмыс беруші арасындағы үйлесімді қатынасты қалыптастырудың ең тиімді тетігі. Соның нәтижесінде өңірде еңбек дауларының алдын алу, өндірістегі қауіпсіздік мәдениетін көтеру және жұмысшылардың әлеуметтік әл-ауқатын арттыру бағытында бірқатар жобалар жүзеге асуда.
Мысалы, Ұлытау облысында өндірістік кәсіпорындармен бірлесе отырып, еңбек қауіпсіздігі айлығы, жастар форумы, әлеуметтік әділет апталығы сияқты акциялар тұрақты өткізіліп келеді. Бұл шаралар жұмысшылардың құқықтық сауаттылығын арттырумен қатар, еңбек мәдениетін қалыптастыруға жол ашады.
Ауыл еңбеккерлері мен кәсіподақ
Кәсіподақ қозғалысының әлеуеті ауыл шаруашылығы саласында да айқын сезіледі. Бұл салада еңбек ететін жұмысшылардың құқықтары мен мүдделерін қорғау – ерекше маңызға ие бағыт. Себебі ауылдағы еңбек жағдайы көбіне маусымдық сипатқа ие, ал әлеуметтік кепілдіктерді сақтау тұрақты назарды қажет етеді.
Осыған орай облыстық кәсіподақтар бірлестігі ауыл еңбеккерлерімен тығыз байланыс орнатып, аграрлық кәсіпорындармен келісімшарттар жасасуда. Кәсіподақ тарапынан жалақыны әділ төлеу, еңбек қауіпсіздігін сақтау, қызметкерлердің демалыс және медициналық құқықтарын қорғау мәселелеріне басымдық беріліп келеді.
Жаңғыру мен жаңа бағыт
Қазіргі таңда кәсіподақ қозғалысы қоғаммен ашық диалог орнатуға ұмтылып отыр. Бұл бағытта жастар мен әйелдер кеңестері, еріктілер қозғалысы, медиа кеңес алаңдары жұмыс істеуде. Сонымен қатар цифрлық платформалар арқылы мүшелік есеп, өтініш қабылдау және ақпарат алмасу жүйелері жолға қойылды. Кәсіподақтар жетекшілері атап өткендей, «заман талабына сай кәсіподақ – бұл тек еңбек дауында ара ағайын болатын ұйым емес, ол – қоғамдағы әділдік пен тұрақтылықтың тірегі».
Түйін
Қазақстан кәсіподақтары – елдегі әлеуметтік әділеттіліктің тірегі, еңбек адамының мүддесін қорғаушы күш. 120 жылдық тарих – бұл тек өткені емес, болашаққа бағытталған сенім мен жауапкершіліктің айғағы.
Еңбек адамының құқығын қорғау – мемлекеттің дамуы мен қоғамның тұрақтылығына тікелей әсер ететін ұлт болашағының кепілі. Сондықтан кәсіподақ қозғалысының тәжірибесі мен беделін нығайту – ел дамуының басты міндеттерінің бірі болып қала бермек.
Ізбасар ОЙБАС.
