Дала жұмыстарына дайындық ойдағыдай

Ұлытау облысы өндіріс пен ауыл шаруашылығы қатар өрістеген өңір. Облыс бойынша 40-қа жуық шаруа қожалығы өсімдік шаруашылығымен айналысады. Олар биыл 32 мың гектар алқапқа дәнді-дақылдар себуді жоспарлап отыр.

Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы таратқан ақпараттарға қарағанда өңір диқандары 22 мың гектар жерге бидай, 1,8 мың гектарға арпа, 3,5 мың гектарға мал азығы және 3,7 мың гектар жерге көпжылдық шөп екпекші. Мұның сыртында, мың гектардай жерге көкөніс және картоп егіледі.
Шаруаларды қолдау мақсатында облыстық бюджеттен 141 млн теңге бөлінген. Диқандар бұл қаржыға тыңайтқыш сатып алуды ұйғарып отыр. Ал, мемлекет тарапынан арзан бағамен дизель отыны беріледі. Орайы келгенде айта кетейік, биылға жылға литрі 254 теңгеге болатын 360 тонна дизель отыны бөлінген.
Мамандардың айтуынша, көктемгі дала жұмыстары сәуір айының соңы мен мамыр айының басында басталады деп күтілуде. Бүгінгі күні дала жұмыстарына дайындық 90 пайызға аяқталған. Көктемгі егіс жұмыстарына 70-ке жуық трактор, 220 дән сепкіш, 2 егін себу кешені, 37 жүк тасымалдайтын техника, 200-ге тарта қосалқы жабдықтар мен комбайндар және 150-ге жуық адам тартылады деп жоспарланған.

Досан ДУЛЫҒАЛЫ.