Бокс – ел абыройы
Ұлытау ауданында жасөспірімдер арасындағы бокста алға басушылық бар. Оған жас боксшылардың халықаралық жарыстан жүлдемен оралғаны дəлел. Бұл жаттықтырушының төгілген тері мен тынымсыз жаттықтырған ерен еңбегінің жемісі. Дəл қазір ұлытаулық өрендер спорттың осы түрінен ауданда көш бастап тұр. Осындай шымыр да шыныққан, спортқа құштар жас ұрпақты боксқа баулып жүрген ауданның балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің жаттықтырушысы Мəди ҚОРАНОВПЕН біз де тілдескен едік…
– Мəди Сағатұлы, менің білуімше, сіз бала жасыңыздан спортты жаныңызға серік еткен азамат екенсіз. Бұл өзіңіздің боксқа деген қызығушылығыңыз ба? Əлде спорттың осы түрімен айналысуыңызға кеңес берушілер болды ма?
– Мен Жаңаарқаның тумасымын ғой. Бұл өңірден əйгілі спортшылар шыққанын өзіңіз жақсы білесіз. Мен де соларға еліктеп бала күнімнен спортқа құмарлығым болды. Бастапқыда бокспен емес, спорттың басқа түрлерімен айналыстым. Боксқа келуім күтпеген жерден болды. Бірде əкем екеуіміз көшеде келе жатып, бокстан КСРО спорт шебері Есіркеп Жақсыбаевты кездестіріп қалдық. Ол кісі маған тесіле қарап тұрып: «Сен өзің солақай екенсің ғой. Əрі шапшаң қимылдайды екенсің. Саған бокспен айналысу керек. Ертеңнен бастап бокс секциясына жазыл» деді. Содан кейін əкем мені Жаңаарқадағы спорт мектебінің бокс секциясына жетектеп əкелді. Сөйтіп өз туған өлкемде бокспен жаттықтым. Кейіннен Қарағанды қаласындағы спортқа бейімі бар жасөспірімдерге арналған Əлия Молдағұлова атындағы мектеп-интернатқа қабылдандым. Онда екі жыл жаттығып, бірнеше жарыстарға қатыстым. Сонда жүріп Қазақстан Республикасының спорт шеберлігіне үміткер атағын алдым. Мектепті бітірген соң, Қарағанды мемлекеттік университетіне түсіп, дене тəрбиесі факультетін тəмамдадым. Алғашқы еңбек жолымды Жаңаарқадағы Бименде Амалбеков атындағы орта мектепте дене шынықтыру пəнінің мұғалімі болып бастадым. 2022 жылдың күзінен бастап ұлт ұясы – Ұлытаудағы аудандық балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінде жаттықтырушымын. Мұндағы бокс секциясы 2021 жылы ғана ашылған екен. Алғашқыда Темірлан Қоңырбай деген жаттықтырушы балаларды бір жылдай бокспен жаттықтырыпты. Мен келгеннен кейін де секцияға бұрын бокс қолғабын киіп көрмеген балалар қабылданды. Қазір үздіксіз жаттығудың арқасында барлығы бір жүйеге келді. Шəкірттерім əжептəуір қалыптасып қалғаны мені қуантады. Жарысқа қатысып жүлдемен оралып жатқанын өзіңіз де жақсы білесіз ғой.
– Иə, сіз келгелі көңіл қуанатындай жағымды жаңалықтар баршылық. Сіздің екі шəкіртіңіз халықаралық жарысқа қатысып, жүлдемен оралыпты. Осы шəкірттеріңіздің жеткен жетістіктері туралы қысқаша əңгімелеп өтсеңіз…
– Ең бастысы, шəкірттерім үмітімді ақтады. Алдында Нұрасыл Серік пен Нұржан Қаныш облыстық чемпионатқа қатысып, жүлдемен оралған болатын. Нұрасыл – 80 келіде, Нұржан – 92 келіден жоғары салмақта жұдырықтасты. Сол чемпионаттан кейін екеуі Ұлытау облысының құрама командасына қабылданды. Олардың бокспен айналысқанына көп уақыт бола қойған жоқ. Небəрі 7-8 айдың айналасы. Сөйте тұра, шəкірттерім сенімнен шықты. Қалай дегенмен, Ұлытаудың өрендері ғой. Тегі мықты болған соң, тектілік танытты. Ақтөбе қаласында өткен Халықаралық турнирде Нұржан Қаныш күміс медальді еншіледі. Нұрасыл Серік «Жеңіске деген жігер» номинациясымен марапатталды. Əзірше, бокстан жеткен бір биігіміз осы.
– Əрине, мұндай дəрежеге ие болғанның өзі үлкен жетістік қой. Енді мына сауалға жауап бере кетсеңіз. Бокс секциясында неше бала жаттығады?
– Қазір бокспен 38 жасөспірім жаттығып жүр. Олар төрт топқа бөлініп жаттығады. Шəкірттерімнің көбісі кіші жасөспірімдер. Дəл бүгінгі күні олар алдағы өтетін жарыстарға дайындалу үстінде. Былтырғы жылы қаражаттың аздығынан біраз жарыстарға қатыса алмадық. Биыл Мағжан Қадыр, Жанарыс Бейсалы, Ералы Бекіш облыстық турнирлерге қатысып, жеңімпаз атанды. Кіші жасөспірімдер де қалалық жарыстарға ілігіп, олжа салды. Таяу күндері жарыс өтетін болса, əр салмақта шаршы алаңға шығатын шəкірттерім баршылық.
– Негізінде, спорт мектебі спортқа бейім, ойы сергек, бойында серпінді күші бар жеткіншектерді елге танытатын орта ғой. Осы тұрғыдан алғанда, алға қойып отырған мақсатыңыз қандай?
– Менің бұл ауданға келу себебім, жасөспірімдерді спорттың ең күрделі түрі – бокспен жаттықтыра отырып, ұлт ұясы – Ұлытаудың мəртебесін көтеру. Осы мақсатта шəкірттеріме бокстың айла-тəсілін терең меңгертуге күш салудамын. Сəтін салса, осы жеткіншектерімді əлем чемпионатына, олимпиадаға шығару. Қазіргі дайындық соның бастауы болмақ.
– Əңгімеңізге рахмет! Еңбегіңіз əрдайым жеңіспен көрінсін!
Сұхбаттасқан Қайрат ЖҰМАБАЙ.