Биыл өңірде 2,5 пайызбен несие беретін «Ауыл Аманаты» бағдарламасы бастау алды

Ұлытау облысы Ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасы  «Ұлытау» Әлеуметтік – кәсіпкерлік корпорациясы» Акционерлік қоғамымен бірлесіп «Ауыл Аманаты» бағдарламасы туралы түсіндірме жұмысын жүргізу мақсатында AMANAT партиясының аймақтық филиалы ғимаратында семинар-тренинг өткізді.

Семинарға барлық ауылдық округ әкімдері және мамандары қатысып, жобаның басты шарттарымен танысты.

«Ауыл Аманаты» бағдарламасы аясында ауыл тұрғындары жылыжай салу, ет-сүт, жемшөп өндірісін, мал шаруашылығы (қой, ешкі), құс және өсімдік шаруашылығын дамыту, ауыл шаруашылық өнімдерін қайта өңдеу, кооператив құру, ауыл шаруашылығы техникасын алу және басқа да бизнес жобалар бойынша жеңілдетілген несие алуға мүмкіндік алады.

Айта кетейік, ауыл халқының табысын арттыруды көздейтін «Ауыл Аманаты» бағдарламасы шеңберінде 2,5 пайызбен микрокредиттер 5 жылға дейін, ал мал шаруашылығы саласына — 7 жылға дейін беріледі. Микрокредиттің ең жоғары сомасы — 8,6 млн теңге (2,5 мың АЕК), ал ауыл шаруашылығы кооперативтері үшін — 27,6 млн теңгеге дейін  (8,0 мың АЕК) құрайды.

«Ауыл Аманаты» бағдарламасы туралы толық ақпаратты Жезқазған қаласы Бейбітшілік даңғылы 23А мекен-жайы бойынша немесе + 7 705 413 69 35 байланыс нөмері арқылы біле аласыздар.