Білім беру жүйесіндегі зайырлылық мәселесі

Қазіргі күнде заманауи білім беру жүйесіндегі зайырлылық мəселесі өзекті мəселе екендігіне ешкімнің таласы жоқ. «Зайырлылық» термині еліміздің конституциясында айқындалған болса, білім беру жүйесі де осы сипатта екені еліміздің заңнамаларымен кепілдендірілген. Десек те, «білім берудің зайырлылық сипаты» ұғымы аталған құжаттарда анық көрініс таппағандықтан, біздің қоғамда өскелең ұрпаққа дəстүрлі адамгершілік жəне рухани тəрбие беру желісінде осы мəселе жиі көтеріліп отыратынын мойындау керек.

Жалпы, зайырлылықтың мəнді ерекшеліктері мемлекеттің діни бірлестіктерден бөлінуін, мемлекеттің əлеуметтік жəне ресми легитимділігінің діни ұстанымдардан тəуелсіздігін, мемлекетте жалпыға міндетті діннің болмауын, мемлекеттің жəне мемлекеттік-құқықтық қатынастардың діннің нұсқауынан, талаптары мен қысымынан тəуелсіздігін жəне осы қатардағы басқа да айшықты сипаттардан көрініс табады.

Ең бастысы, мемлекет зайырлы қағидаттарды басшылыққа ала отырып, қоғамда қызмет атқарып отырған барлық діндердің заң шеңберінде еркін қызмет атқаруларын жəне олардың заң алдындағы теңдігін қамтамасыз етеді.

Осы қатарда білім беру жүйесіндегі зайырлы ұстанымды қамтамасыз етудің маңызы ерекше.

Білім берудің зайырлылығы – ол білім беру жүйесінің діннің нұсқауы, талабы мен қысымынан тəуелсіз екенін жəне білім беру қызметінің діни бірлестіктерге бағынбайтынын білдіретін сипат.

Бұл – мемлекеттің білім беру бағдарламасында діни рəсімдерді жүргізуге жəне дінді насихаттау мен таңуға жол берілмейді деген сөз.

Осы орайда, жалпы білім беретін мектептерде дін туралы ақпарат беретін пəнді оқытуға мүмкіндік беретіндігін айта кету керек. Мұндай мүмкіндік, бір жағынан, мектеп оқушыларының діндер туралы ақпарат алуын қамтамасыз етсе, екінші жағынан, белгілі бір дінді немесе діндерді мектептің оқу бағдарламасына енгізгісі келетін талпыныстардың алдына тосқауыл болады.

Жалпы, орта білім беру жүйесіне сол қоғамдағы басымдыққа ие белгілі бір діннің негіздерін оқытуды енгізу түсінбестіктер мен жанжалдардың шығуына түрткі болатынын бірқатар елдердің тəжірибелері көрсетіп отыр. Сондай мысалдардың бірі ретінде Европалық адам құқы сотына өз балаларына дінді мəжбүрлеп оқытқаны үшін талап-арыз түсірген «Фольгере Норвегияға қарсы» деген атпен белгілі болған оқиғаны айта кетуге болады. Бұл оқиғаға бірқатар оқушылардың ата-аналарының мектептегі христиан дінінің негіздеріне арналған пəннен бас тарта алмауы себеп болды.

Бұл елде 1997 жылға дейін ата-аналар өз балаларына мектептерде оқытылатын философия пəні мен христиан тарихы пəнінің бірін таңдай алатын. Европалық сот өз қарарында Норвегиялық евангелдік-христиан шіркеуі мемлекеттік мəртебеге ие болғандықтан, шіркеу мен мемлекет арасы заңмен бөлінбеген елде мектептердің христиандық мақсатта жұмыс істейтінін жəне оқу бағдарламасында христиандықтың басымдық танытатынын көрсете отырып, бұл басқа діндер мен діни азшылықтар үшін қиындықтар туындататынын баса көрсетті.

2007 жылы 29 маусымда Европалық адам құқы соты Норвегия мектептерінде міндетті пəн ретінде оқытылатын діни пəнге қарсы қарар қабылдап, осы елдің мектептерінде оқытылатын «христиан діні, білімі жəне өмірі» деп аталатын пəн Европаның адам құқығы конвенциясының 2-бабын бұзады деген ұйғарым шығарды. Соттың бұл шешімі мемлекеттің білім беру жүйесі дінді насихаттау ісінде мектептерді пайдалана алмауы керек деген көзқарасты қолдаған ел тұрғындарының басым бөлігі тарапынан қолдау тапты.

Осы орайда, жалпы білім беретін орта мектептердің оқу бағдарламасына арнайы діни пəнді енгізу керек деген пікірлер жекелеген діндар азаматтар тарапынан біздің қоғамымызда да анда-санда болса да бой көрсетіп қалатынын айта кету керек. Алайда мұның балалардың білім алуында қаншалықты оңды орын алатыны күмəнді мəселе. Одан бөлек, бұл мəселеде біздің елімізде мемлекет пен діннің бір-бірінен бөлінгені жəне еліміздің білім беру жүйесі зайырлы сипатқа ие екенін ұмытпау қажет.

«Ақылды адам басқалардың қателігінен үйренеді» деген сөзді басшылыққа алар болсақ, біз ондай сабақты жоғарыда айтқан Норвегияның мысалынан бөлек, көрші Ресейдің жалпы білім беретін орта мектептерінде рухани-адамгершілік тəрбие беру мақсатында енгізілген діни пəн тəжірибесінен де ала аламыз.

Ресей мектептеріне діни пəн енгізу екі 2000 жылдардан бастап, ұдайы көтеріліп, 2007 жылы бұл мəселе өзінің шыңына жеткен болатын. Осы кезде ондаған академик Ресей президентіне хат жолдап, мүдделі топтардың Конституцияны айналып өтіп, мектептерге дінді енгізуге талпыныс жасап отырғанын жеткізген болатын.

Елімізде білім берудегі зайырлылық қағидатын ұстану мəселесінде жалпы орта мектептердегі міндетті киім үлгісін сақтаудың өзі біршама келеңсіздік туғызып отырғанын айта кету керек. Бұл хиджаб мəселесі.

Жекелеген діндар ата-аналардың мектепте оқитын бала-шағаларын діни талапқа сай киінуге итермелеп, сол арқылы өздерінің діни ұстанымдарын мемлекеттің зайырлы қағидатына қарсы қоюы еш қисынға сыймайды. Еліміздің «Білім туралы» заңында білім берудің зайырлы, гуманистік жəне үдемелі сипаты мемлекеттің білім беру саласындағы саясатының негізгі қағидаты болып табылатыны, мектептерде діни бірлестіктердің қызметіне тыйым салынғаны жəне оқушылардың білім беру ұйымдарында белгіленген киім үлгісін сақтауға міндетті екені айтылған.

Діни сипаттағы белгілері жоқ бекітілген киім формасын сақтау туралы талаптар Қазақстан Республикасының мемлекеттік құрылысының зайырлы қағидатына жəне жалпы білім беретін мектептердің міндеттеріне толық сəйкес келеді. Сондықтан діндар тұрғындар мемлекеттің заңнама нормалары барлық конфессия өкілдері үшін міндетті екенін, бұл талаптар оқушылардың дін ұстану құқығын шектемейтінін жəне олардың діни сезімдерін қорламайтынын түсінулері тиіс.

Мейрам ИМАНБАЕВ,

Дінтанушылар конгресінің сарапшысы