Берік Уәли: «Бұл – халықтық талқылаудан өткен Ата заң»
Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин және «Әділетті және Прогрессивті Қазақстанның Халықтық Конституциясы үшін!» жалпыұлттық коалициясы мүшелерінің Абай облысындағы зиял қауым өкілдерімен кездесуінде өңір басшысы Берік Уәли сөз сөйлеп, жаңа Конституция жобасының мәні мен маңызына тоқталды.

Ол өз сөзінде еліміздің Ата заңына өзгерістер енгізу Мемлекет басшысы жүргізіп келе жатқан саяси реформалардың заңды жалғасы екенін айтты. Сондай-ақ, әкім бұл бастама шын мәнінде халықтық сипатқа ие екенін атап өтті.
«Жаңа Конституцияның қазіргі қолданыстағы Ата заңнан айырмашылығы көп. Ең басты айырмашылығының бірі – оның мемлекеттік тілде жазылуы. 1995 жылғы Конституцияны жазған кезде 12 заңгер атсалысты. Олардың тоғызы өзіміздің жерлестеріміз болса, үшеуі шетелдік мамандар. Ал бұл жолы 130 адам бас қосып, тікелей эфирде ашық талқылады. Оны бүкіл жұртшылық көрді және халықтың ұсыныс-тілектеріне бірден жауап беріліп отырды. Сол себепті бұл заң халықтық талқылаудан өткен Ата заң болды»,- деді Берік Уәли.

