Берік Әбдіғалиұлы бірқатар проблемалық нысандарда болды

Шаруа қожалықтарының басшыларымен кездесуде айтылған шағымдарға байланысты облыс әкімі дүйсенбі күні Жезқазған қаласында орналасқан Қазақстан Республикасы Ауылшаруашылығы министрлігі Ветеринариялық бақылау және қадағалау комитетінің республикалық ветеринариялық зертханасының Жезқазған өңірлік филиалы ғимаратына барды. Құрылыс жұмысы аяқсыз қалған бұл нысанды пайдалануға беруге санитарлық талаптарға байланысты бірқатар кедергілер қолбайлау болып отыр.
Ғимараттың жай-күйімен танысқан облыс басшысы жауапты тұлғаларға мәселені шешу жолдарын қарастырып, ұсыныстар енгізуді тапсырды.
Жезқазған қалалық ветеринариялық станциясының да аймақ ауылшаруашылығы үшін маңызы зор. Осыған дейін Қарағанды облысының ветеринария басқармасына қараған станция енді Ұлытау облысының тиісті басқармасына бағынышты болады. Берік Әбдіғалиұлы ұйымдастыру жұмыстары кезінде станцияның материалдық-техникалық базасына мән беруді тапсырды.
Облыс әкімі Берік Әбдіғалиұлы және облыстық мәслихат хатшысы Бауыржан Шыңғысов Сәтбаев қаласына жұмыс сапарымен барып, бірқатар әлеуметтік нысандардың құрылыс, жөндеу жұмыстарымен танысты. Аймақ басшысы ат басын тіреген алғашқы нысан – Сәтбаев қаласының орталық ауруханасы. Мұнда күрделі жөндеу жүріп жатыр. Берік Әбдіғалиұлы жөндеу жұмысының барысымен танысқан соң, мердігер компания өкіліне облыс бюджетін бөлу кезінде жұмысты тоқтатпауды тапсырып, атқарылған жұмыстар үшін қаражат толық төленетінін жеткізді.
Одан кейін облыс басшысы Сәтбаев қаласы балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің спорттық-сауықтыру кешенінде болып, футбол алаңы, мұз айдыны және жүзу бассейнінің жағдайымен танысты.
Берік Әбдіғалиұлы сонымен қатар, құрылысы созылып кеткен 320 орындық жаңа балабақша мен Оқушылар сарайының құрылыс алаңына да барды. Қаржы мәселесі оң шешілсе, балабақша құрылысы биыл толық аяқталады. Ал, оқушылар сарайының құрылысына қатысты сот даулары аяқталды. Енді жобалық құжаттар нақтыланып, жұмысты жаңа мердігер жалғастырады.
Облыс әкімі сондай-ақ Сәтбаев қаласындағы облыстық фтизопульмонология орталығының бөлімшесіне де соқты. Қазір аурухана ғимараты науқастардың болмауына байланысты бос тұр. Алдағы уақытта ғимаратты ұтымды пайдаланудың жолдары қарастырылып жатыр.
Облыс әкімінің баспасөз қызметі