Бейбастақ сойқан заманның Бұқары болған Шынболат Ділдебаевтың туғанына – 85 жыл

Өнерде өзіндік өрнегімен тарих тұғырына қонған, атақ-даңқы исі қазаққа кең тараған, Сарыарқаның саңылағы, сал-серісі болған, туғаннан таңдайына жыр тұнып, жыраулық дарыған Шынболат Ділдебаевтың туғанына биыл 85 жыл толды. Сексен беске Шынкеңнің өзі жетпесе де сөзі жетті, шүкір дейміз. Артында өшпес мол мұрасы қалды. Елі жалықпай айтатын, айта беретін өнері қалды. Өнегелі өмір жолдары қалды. Ақынның мерейтойына орай біз сол ел жадындағы әңгімелерді тағы бір мәрте жаңғыртпақпыз.

Шынболаттың шоқтығы биік еді

2007 жылы Жезқазған қаласының тарихи-археологиялық мұражайында «Есімдері көше атына берілген тұлғалар» деген тақырыпта көрме ұйымдастырылды. Сол көрмеде есімі көшеге берілмесе де елі қадір тұтатын дара тұлға, асыл сөздің бұлбұлы, айтыс өнерінің дүлдүлі, қайталанбас жыршы-термеші, жырау – Шынболат Ділдебаевқа да орын берілді.

Осы айшықты шараға Сәтбаев қаласынан бірқауым ел барып, қатысып, естелік айтып, кеш көрігін қыздырып қайтқан едік. Мерейтойға орай мақалалар жинастырып отырып сол іс-шарадан жазған мақаламды тауып алдым. Соның ішінде Шынкеңнің ұстазы болған Шәкен Әйкешованың айтқан әңгімесі көзіме оттай басылды. Сол әңгімені оқырмандарға қаз-қалпында бергенді жөн көрдім.

– Мен №5 мектепте 4-сыныпқа сабақ беріп жүрген жылдары Шынболат менің сыныбыма келді. Содан 7-сыныпқа дейін мен дәріс бердім. Сынып жетекшісі болдым. Ол кездегі оқушылар бөлек еді ғой. Солардың ішінде Шынболаттың шоқтығы өзгелерден мүлдем бөлек болатын. Өнерге, жырға жастайынан ғашық болып өсті. Кейін мен, «Шынболат-ау, осынша жыр шумақтары қалай шыға береді бойыңнан?» дегенімде, «Қазақ тілі мен әдебиетінен сабақ берген сіз емес пе, санама сіңірген де өзіңіз» деп құшақтаушы еді.

Сондай бауырмал, асып-тасуды білмейтін, менмендік, көкірек дегенге жаны қас жан еді-ау, жарықтық. Сонысымен де елге сыйлы болды.

Бертін келе ел аралап, туыс-туған, құда-жекжаттардың шақыруымен Қазақстанның біраз аймағында болдым. Сонда мен Шынболатты тұтас елдің білетініне көзім жетті. Менің Шынболаттың ұстазы екенімді естігенде ерекше құрмет көрсетті. Елі сүйген азаматтың абыройы осылай асқақтаса керек, – деп көзіне жас алған еді Шәкен апай.

Шындықтың шарболаты

«Жақсыда жаттық жоқ, жайсаңдар көпке ортақ» дейді дана қазақ. Қысқа ғұмырында «Сырда туып қырда өстім» деп жырлаған Ділдебайдың Шынболаты Сыр мен қырға ортақ тұлға. Сыр елі оны топырағында туғанын мақтан етеді, қыр елі өзінің төл перзенті, туған ұлындай көреді. Мұның себебі белгілі. Ақынның барлық саналы ғұмыры, өмір белестері мен шығармашылық жолы Ұлытау-Жезқазған жерінде өтіп, осы өлкемен мейлінше біте қайнасып кетті. Ақиқатына жүгінсек, Шынболат десе Жезқазғанның, Жезқазған десе Шынболаттың аты еске түсетін заман да болған, – деп толғапты Қуат Құрмансейіт бауырымыз Шынкеңнің 70 жылдығына орай «Мысты өңір» газетінде жазған бір мақаласында.

Сосын былай деп сыр шертіпті. Бұдан біршама уақыт бұрын Жезқазған қалалық тарихи-археологиялық мұражайында аймағымыздағы айтыс өнерінің даму жолдарынан сыр шертетін көрме ұйымдастырылып, осынау киелі өнердің бүгінгі жай-күйін арқау еткен басқосу өтті. Басқосу барысында әрине, Шынкеңнің атыжиі ауызға алынып, шындықты айтып өткен ақын екені тілге тиек етілді. Көрмені тамашалауға келген болса керек, үлкендердің Шынкең туралы сүйінішті лебіздерін құлағы шалған бір жасөспірім кенет ортаға «Сонда қазір шындықты Шынболатша айтып жүрген ақындар жоқ па?» деген сауал тастады. Әрине, бұл үшін оны кінәлау орынсыз болар, бірақ Шынболаттың Шынболаттығы сол ғой, ол ақиқатты қызыл империяның қылышынан қан тамып тұрған кезде айтты. Басқалар екі елі аузына төрт елі қақпақ қойып жүрген шақта айтты. Халық қаһарманы Қасым Қайсеновтың өзі оған «Бейбастақ сойқан заманның Бұқар жырауысың» деуінің өзі содан. Жариялылықтың азмәз жылымығын пайдаланып, бодан жұрттың рухын оятқан, санасына сәуле түсірген, екі талай кезеңнің қатерінен қорғалмаған Шынболаттың бейнесі қашанда ел есінде…

Қуат Құрмансейітов,

 «Мысты өңір» газеті

  • Жүрекжарды

 Қасым Қайсенов, Халық қаһарманы.

«Аяулы інім Шынболат! Сен шын мәнінде бұл бейбастақ сойқан заманның бүгінгі Бұқар жырауысың. Сен өзіңнің әділетті аңсауыңмен, шыншылдығыңмен бет қаратпас қайсарлығыңмен, адамгершілік парасаттылығыңмен, жыршылық мәнеріңмен қазақ өнерінің аспандап тұрған жұлдыздарының ең жарқырап, көзге түсерісің! Сенің атыңды қойған адамның тегін адам емес екені де көңілге ризашылық ұялатады».

* * *

Шерхан Мұртаза, Қазақстанның халық жазушысы.

 «Адамның денесіне жара шықса дәрігерлер емдейді. Ал, қоғамдағы жараны кімге емдетеміз? Шындықты айту оңай емес. Ол бәрімізге бірдей жаға бермейді. Оны Махамбет, Ақтамберді, мына Шынболат сияқты шыншыл ақындар ғана айта алады…»

* * *

 Бүркіт Ысқақов, ақын.

«Міржақып Дулатовтың «Оян, қазақ» жырынан кейін батыл да ашық айтылған ащы жыр ол Шынболаттың «Шындық» толғауы болды. Аз ғана уақыттың ішінде бұл жыр алыс шетелдерге тарап кетті».

 * * *

 Сапархан Исахов, «Шарайна» газетінің 90-жылдардағы тілшісі.

«Ер жігітке жетпіс өнер де көптік етпейді, оның ішінде тіл құдыретімен, шешендікпен, нақтылай айтқанда, сөз өнерімен елін, жұртын тәнті еткен дарындардың орны қазақ қоғамында қай заманда да айрықша бағаланған. Қазақ сөзді ұға білген халық, тіл құдыретін сезіне білетін, бағалай білетін халық. Халық көмейден шыққанды алдамшы деп ұғып, көкейден шыққанды нағыз шындық деп қабылдаған. Өкінішке орай, қазір көмейден сөйлейтіндер көбейіп, көңілден шығаратындар азайып қалған заман ғой бұл.

Ал, Шынболат Ділдебаевты тыңдасаңыз, сол көкейден шығарып айтқан халық даналарының табыттай ауыр, алмастай өткір, толған айдай әсем, атқан таңдай шуақты сөздерінен, жырларынан нәр аласыз.

Айдай анық ақиқатты шебер де шешен тілмен жеткізген ақынның қабілетіне сырттай дән риза бола отырып, жан дүниеңді тебірентер тіл құдіретіне тағы да тәнті боласың.

Шынболат аға – әрі ақын, әрі жырау, әрі асаба… деп барып қойылған көп нүкте, сөйлемнің аяқталмауы ол кісінің бойында өлшемге сия бермейтін сүбелі салмақтың барын, өнердің көптігін және оның бәрін тізіп шығу мүмкін еместігін байқатады».

Бетті баптаған Ізтай Белгібайұлы.