Басты міндет — халықтың əл-ауқатын көтеру

Аудан əкімі Аманжол МЫРЗАБЕКОВТЫҢ жергілікті тұрғындармен кездесуі Қаракеңгір ауылында өтті. Аудан басшысы алдымен №4 Қаракеңгір орта мектебінде жəне жаңадан салынып жатқан фельдшерлік-акушерлік пунктте болып, нысандардың жай-күйімен танысты.

Бұдан соң ауыл клубында округ тұрғындарымен кездесті. Оған аудан прокуроры Рахымжан Рахатов, аудан əкімінің орынбасары Алмаз Қайырбекұлы жəне аудандағы мекеме, бөлім басшылары қатысты.

Кездесуде əуелі округ əкімі Жалғас Төре атқарылған жұмыстарды баяндап, алдағы жұмыс жоспарына тоқталды. Ауыл əкімінің айтуынша, есепті мерзім ішінде округте бірқатар жұмыстар атқарылған. Атап айтқанда, «Қаракеңгір – Ұлытау» бағытындағы облыстық дəрежедегі көтерме тас жолдың жөнделмеген 20 шақырымына «АРМ Строй» ЖШС асфальттау жұмыстарын жүргізген. Ауылдың Алтын Орда көшесіне фельдшерлік-акушерлік пункттің құрылысы басталыпты. Бұл жұмысты «Гранд Строй Сервис» ЖШС атқаруда. Округте ауыл шаруашылығын дамыту мен мал басын асылдандыруда да көптеген жұмыстар атқарылуда. Мəселен, «Исмаил» шаруа қожалығының иегері Айдос Исмаил «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ-нан ауылшаруашылығын дамытуға 2021 жылы 35 млн. теңге жеңілдетілген несие алып, 100 бас асыл тұқымды «Ақбас» аналық ірі қара малын, «Айзере» шаруа қожалығының иегері Құндызбай Муханбедиев «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ-нан ауылшаруашылығын дамытуға 14 млн. 400 мың теңге жеңілдетілген несиеге 35 бас жылқы малын, «Айтуганов Б» шаруа қожалығының иегері Бақытжан Айтуғанов «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ-нан егін шаруашылығын дамыту мақсатында 7 млн. теңге несие алып, дəріленген бидай тұқымын алған. Аталған шаруа қожалық «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ-нан ауылшаруашылығын дамыту мақсатында 41 млн. 500 мың теңге несиеге егін шаруашылығына қажетті техникалар – «Soomlion» тракторын жүк көтергішімен, 5 дана сепкіш (сеялка), дəрілеуге арналған бүріккіш қажетті заттарын алып отыр. «Атамекен» шаруа қожалығының иегері Мақсат Бижанов «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ-нан ауылшаруашылығын дамытуға 17 млн. 700 мың теңге жеңілдетілген несиеге 30 бас аналық ірі қара, 15 бас жылқы малдарын сатып алды, сондай-ақ аталған АҚ арқылы 10 млн. 360 мың теңге несиеге «Беларус-82» тракторын сатып алған.

Есепті баяндамадан кейін ауыл тұрғыны Ербол Абуов жерге қатысты мəселелер мен ауылға кіреберістегі жолды жөндеу жайлы əңгіме қозғады.

Жиынға қатысқан аудандық мекеме, бөлім басшылары да жасалған жұмыс барысы жөнінде ақпараттарын беріп, алдағы уақытта атқарылатын жұмыс жоспарымен бөлісті.

Аудан басшысы көтерілген мəселелердің алдағы уақытта шешімін табатындығын айтты. Ол сондай-ақ, ауданда орын алып отырған жағдайлар жөнінде де ақпарат берді. Орайы келгенде айта кетейік, бүгінгі күні ауа-райының қолайсыздығынан Терісаққан, Шеңбер, Аманкелді бағытындағы электр желілері тартылған 11 баған қисайып, оның 3-еуі құлаған. Оған ЖРЭК мекемесінен 3 бригада жұмылдырылып, жұмыстар жүргізілуде. Осының салдарынан аудан орталығында да электр энергиясы мен ауыз су таратуда кідірістер орын алып, жұмыстар атқарылуда.

Аманжол Батырбекұлы кездесу барысында аудан бойынша электрмен жабдықтау, ауыз су мəселелері келешекте толық шешімін табатынын, Қаракеңгір ауылының ішкі көше жолдарын асфальттау жоспарланып отырғанын да тілге тиек етті. Сөз соңында ауданбасшысы қаракеңгірліктерді Ұлытау облысының əлеуметтік-экономикалық дамуының кешенді жоспарымен де таныстырып өтті. «Бүгінгі таңда Ұлытау – Қаракеңгір бағытындағы облыстық дəрежедегі көтерме тас жолдың қалған 20 шақырым жолы асфальтталды. Енді кезекте Қаракеңгір – Алғабас бағытындағы 10 шақырым жолды асфальттау жоспарда бар», деп түйіндеді өз сөзін əкім.

Кездесуден кейін аудан əкімі мен аудан прокуроры ауыл тұрғындары Данияр Əуезов пен Дархан Смайловты жеке мəселелері бойынша қабылдап, сұрақтары мен өтініштеріне жауап берді.

АТҚАРЫЛҒАН ЖҰМЫСТАР САРАЛАНДЫ

Аудан əкімі Аманжол БАТЫРБЕКҰЛЫНЫҢ ауыл тұрғындарымен кездесуі Аманкелді ауылында жалғасты. Мұнда ауыл əкімі Ноян ЖЕҢСІКБАЕВ атқарылған жұмыстары жөнінде есебін беріп, алдағы атқарылатын жұмыстарын бағамдады. Ауыл əкімінің баяндамасында Қазақстан Республикасында агроөнеркəсіп кешенін дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыру жəне Ұлытау ауданының əлеуметтік-экономикасын дамытудың 2020–2025 жылдарға арналған кешенді жоспары негізінде жүргізілген жұмыстар егжей-тегжейлі сөз болды.

Мəселен, Аманкелді ауылында 2021 жылы мал тұқымын асылдандыру, түрлендіру мақсатында үш шаруа қожалық иелері 10 бас асыл тұқымды (əулиекөл, ақбас) бұқалар сатып алған. Ауыл шаруашылығы техникасын жаңарту бағыты бойынша «Қаражорғин Б» шаруа қожалығы 12 млн. 700 мың теңгеге погрузчик-П тракторын лизингке алыпты. Сонымен қатар, қыс айларында жолда қалған жолаушыларды, жазғы дала өрттері кезінде нақты кординаталарын анықтауға баға ұсынымы арқылы жеке кəсіпкер «Кəусар» квадрокоптер- ДЛ маркалы (Дрон) алып отыр.

Ауыл əкімінің есебінен соң жергілікті тұрғындар Қанат Байсалбеков мектеп пен ауруханаға автокөлік керектігін, Рақым Əжібаев «Кененбай» тоғаны мен ауызсу мұнарасы жайында мəселелерді көтерді. Ал, Сəрсенкүл Ақпанбетова мен Марияш Дүйсенбаева ауыл əкімінің есебін «қанағаттанарлық» деп бағалады. Сондай-ақ, Шортан Қабиев аудан əкімінің жұмысына сəттілік тіледі.

Кездесу барысында аудан басшысы ауылда орын алған жайсыздықтарға тоқталып өтті. Бүгінгі таңда Аманкелді ауылы маңында ауа-райының қолайсыздығынан құлаған, қисайған электр жарығын беретін бағандарды ретке келтіру мақсатында ЖРЭК мекемесінің мамандары жұмыс жасап жатқандығын айтты. Аудан басшысы өз сөзінде Ұлытау-Аманкелді бағытындағы 10 шақырым жолды асфальттау жұмыстары жасалынатынына да тоқталды. Сонымен қатар, ауыл тұрғындарын Ұлытау облысының əлеуметтік-экономикалық дамуының кешенді жоспарымен де таныстырып өтті.

Кездесу соңында Аманжол Батырбекұлы ауыл тұрғындарын бірлесе жұмыс істеуге, сондай-ақ, 2022 жылдың 20 қарашасында өтетін Президент сайлауына біркісідей қатысуға шақырды.

Жасұлан АЯШЕВ