БАП пен БАҚ СЫНАЛАР ШАҚ

Бүгінде төрткіл дүние Парижге көз тігіп отыр. Мұнда ХХХІІІ жазғы Олимпиада ойындары басталған. Қазір Францияның астанасында бап пен бақ сарапқа түскен шақ. Намысты қолдан бермеуге тырысқан спортшылар барлық күштерін сарқа жұмсап жатыр.

Шіліңгір шілденің 26-сы күні доданың салтанатты ашылу рәсімі өтіп, онда әлемнің 206 елінен келген спорттық делегациялар шеруі болды. Жалпы, байрақты бәсекеде 10,5 мың спортшы бақ сынайды. Аталған шараны әлемнің әр қиырынан келген 300 мыңға тарта адам тамашалауға мүмкіндік алды. Алдын ала есеп бойынша тікелей телекөрсетілімді 1,5-2 млрд адам тамашалайды.
Олимпиада ауылы Париждің солтүстік жағында орналасқан, аумағы 52 гектарды құрайды. Инфрақұрылымда қажеттінің бәрі бар. Онда 40 тұрғын үй, жаттығу корпустары, емхана, асхана және басқа да нысандар, атлеттердің көңіл көтеруіне арналған клубтар орналасқан. Олимпиадалық ауылда 14,5 мыңдай адам тұрады. Оның ішінде тоғыз мың спортшы бар.

ӘЗІРГЕ ОН ЖЕТІНШІ ОРЫНДАМЫЗ

Қазір Парижде бап пен бақ бәсекесі қызып жатыр. Осы додаға біздің елімізден 80 спортшы аттанады. Ұлттық құрама спорттың 25 түрінен 92 лицензия иеленген.
Байрақты бәсекенің алғашқы күнінде бәсіміз өзге елден басым болды. Еліміз алғашқы күні-ақ алтын медальға қол жеткізді. Дзюдошы Елдос Сметов өз салмақ дәрежесінде (60 кг) жеңімпаз болды. Сондай-ақ, пневматикалық винтовкамен 10 метрден нысана көздеуден аралас жұптар арасындағы жарыста мергендеріміз Ислам Сәтбаев пен Александра Ли қола жүлделерін Қазақстанның қоржынына салды. Әзірге Қазақстан қоржынында 1 алтын, 2 қола медаль бар. Бүгінгі күні (1.08.2024 ж.) Қазақстан құрамасы жалпы медальдар кестесінде 17-ші орынға келіп табан тіреді. Әлі үміт зор.
Жалпы, медальдар саны бойынша Қытай құрамасы көш басына шықты. Олар 6 алтын жүлдесін 8-ге жеткізіп, бірден медаль кестесінде бірінші орынға көтерілді. Әзірге олар 8 алтын, 6 күміс, 2 қола медаль еншілеп тұр. Екінші орынға 7 алтын, 4 күміс, 3 қола иеленген Аустралия көтерілді. Үздік үштікке Жапония құрамасы жайғасқан. Олардың еншісінде 7 алтын, 3 күміс, 4 қола медаль бар. Ал, Олимпиада ойындарын қабылдап жатқан франциялықтар 6 алтын, 9 күміс, 7 қола медальмен төртінші орында келе жатыр. Осылайша медальға қол жеткізген елдер саны 40-қа жетті.

БАР ҮМІТ БОКСШЫЛАРДА

Хоош. Сонымен, Париждегі байрақты бәсеке қызу жүріп жатыр. Өкінішке орай бабы келіспеген, бағы жанбаған кейбір спортшыларымыз доданың алғашқы айналымында-ақ жарыс жолынан шығып қалып жатыр. Осы орайда ел бар үмітін былғары қолғап шеберлеріне артып отыр.
Ал, олардың әзірге аяқ алыстары жаман емес. Бокстан Қазақстан командасының мүшесі Нұрбек Оралбай Париж Олимпиадасының ширек финалына өтті. 80 келі салмақта сынға түскен спортшы австралиялық Каллум Питерспен жұдырықтасты. Алғашқы раундта Нұрбек 5:0 есебімен алға шыққан. Екінші раундта Каллум дәл солай қарқынды жұдырықтасып, Нұрбекті нокдаунға жіберіп үлгерді.
Матчтың жеңімпазы үшінші раундта шешілді. Төрешілер 3:2 есебімен жеңісті Нұрбекке беріп, қазақстандық боксшы өте қиын кездесуде ширек финалға өтті.
Қазақстандық тағы бір боксшы – Мұхаммедсабыр Базарбайұлы (63,5 келі) Олимпиада ойындарындағы екінші жекпе-жегін жеңіспен аяқтады. 1/8 финалда Базарбайұлы Азия ойындарының күміс жүлдегері, тайпейлік Лай Чжуэнмен жұдырықтасқан болатын. Алғашқы раунд жақын қашықтықта өтіп, қазақстандық спортшы 3:2 есебімен жеңіске жетті. Екінші раундта да тура осы есеп тіркелді. Соңғы әрі шешуші раундта екі боксшы да аянып қалған жоқ. Төрешілер басымдықты Базарбайұлына беріп, қазақстандық боксшы келесі айналымға өтті.
Бокстан Қазақстан әйелдер командасының мүшесі Назым Қызайбай Париж Олимпиадасын жеңіспен бастады. 50 келі салмақта сынға түскен Қызайбай бірінші жекпе-жекте италиялық Джордана Соррентиномен жұдырықтасқан болатын. Алғашқы раундта қарсыласқа есе жіберген ол кейін басымдықты арттырып, 4:1 есебімен жеңіске жетті. Айта кетелік, бұл Назымның мансабындағы алғашқы Олимпиада ойындары.

БІР ҒАСЫР БҰРЫН

Осыдан жүз жыл бұрын, яғни 1924 жылы Францияның астанасы Париж қаласында VIII жазғы Олимпиада ойындары өтті. Оған 44 елден 3092 спортшы қатысты.
Олимпиаданың ашылу салтанаты 5 шілдеде өтіп, оған Франция Республикасының Президенті Гастон Думергу, Уэльс князі және Румыния князі Карол қатысқан. Додаға алғаш рет Ирландия, Мексика, Румыния, Уругвай, Филиппин және Эквадордан спортшылар қатысып, бақ сынасты. Германия мен КСРО құрамаларына осы елдердегі саяси жағдайдың тұрақсыздығына байланысты ойнауға тыйым салынды.
Олимпиада ойындары бағдарламасына спорттың 17 түрінен жарыстар кірді. Демонстрацияларда француз боксы және баски доп ойындары көрсетілді. Бұл ойындар регби турнирлері соңғы рет өткізілді. Әйелдер жүзу, сүңгу, семсерлесу және теннис жарыстарына қатысты.
Ойынды 620 мыңнан астам адам тамашалады. Жалпы есепте жеңісті американдық спортшылар жеңіп алды, екінші орында үй иелері, үшінші орында Финляндия спортшылары болды.

ОЛИМПИАДАҒА ВЕЛОСИПЕДПЕН ЖЕТТІ

Спорт деген бір сиқыр. Ол кімді де болса өзіне баурап алады. Әйтсе де, сол спорт ойындарын бар жан-тәнімен сүйетін, спорт десе ішкен асын жерге қоятын жандар да аз емес. Сондай жандардың бірі маңғыстаулық зейнеткер Рәббім Бораш десек болады.
Маңғыстау облысының зейнеткерлері Рәббім Бораш пен жұбайы Айзада Бораш Парижге велосипедпен барды. Оларды Франциядағы Қазақстан елшілігінің ұжымы мен қала тұрғындары қарсы алды. Ақтау қаласынан шыққан велосаяхатшы Грузия, Түркия, Мажарстан, Австрия және Германия елдері арқылы 4 мыңға жуық шақырым жерді жүріп өткен. Ал қиын жолда жұбайы серік болған. «Мұндағы мақсат, бала күнгі арманым – Олимпиада ойындарын өз көзіммен көру және спортшыларымызға қолдау көрсету», – дейді велосаяхатшы.

ДӨҢГЕЛЕГІ ЖАРЫЛСА ДА ТОҚТАМАДЫ

Мұндай да болады екен. Британдық велошабандоз велосипедінің дөңгелегі жарылғанына қарамастан жарыс жолынан шықпады. Нәтижесінде ол алтын медаль еншіледі.
Ұлыбритания құрамасының спортшысы Том Пидкок тау веложарысының үшінші айналымында велосипедінің алдыңғы доңғалағы тесіліп, қарсыласынан артта қалды. Бірақ велошабандоз табандылық танытып, алға жылжудан еш тайынған жоқ. Мәреге бірнеше секунд қалғанда француз спортшысы Виктор Корецкийді басып озып, 9 секунд артықшылықпен жеңіске жетті. Осылайша, Том Олимпиада чемпионы атанды. Ал француз велошабандозы күміс жүлдені иемденсе, оңтүстік африкалық Алан Хатерли қола медальды қанжығасына байлады.

Топтаманы әзірлеген
Ізтай БЕЛГІБАЙҰЛЫ.