Бала жанының бағбаны

Болашақ ұрпақтың тəрбиесі мен білім алуына ұстаздардың атқаратын рөлі ерекше. Өйткені, оқушы бойына ізгі қасиеттерді дарытып, дүниетанымдық көзқарасын қалыптастыратын мұғалім. Қашаннан мұғалімдер қауымы шəкірттеріне озық əрі өнегелі дəстүрлерді үйретіп, білім мен тəрбиенің басы-қасында жүретіні анық. Сондай өз кəсібіне берілген мұғалімнің бірі – №11 жалпы білім беретін Қоскөл мектебінің биология пəні мұғалімі Айгүл ТОРТАЕВА.

Айгүл Серікқызының есімі ұлытаулықтарға, əсіресе, білім саласы қызметкерлерінің арасында етене таныс. Оның шəкірттері түрлі білім додаларында жеңімпаз атанып, жүлдемен оралып жүр. Республикалық деңгейдегі биология пəні олимпиадалары мен ғылыми жобалар сайыстарында оқушылары бірнеше жыл қатарынан басты орыннан көрініп келеді. Бұл – əрине, ұстаздың еңбегі. Оқушыларының бабын келістіріп, бағын ашқан талантты педагог бүгінде аймаққа танымал.

Қай қызметте болса да адамның абыройға бөленуіеңбекқорлығына байланысты. Содан соң заман талабына сай жұмыс жүргізе білуінде. Қашаннан мұғалімдер қауымына жүктелер міндет те зор. Талап та жоғары. Жыл сайын білім жүйесіне өзгерістер көптеп енгізілуде. Сол өзгеріспен жаңашылдыққа ілесе білу, мұғалімнің еңбекқорлығын айғақтайды. Сондай ізденістің нəтижесінде Айгүл мұғалім «Жаңа Қазақстан педагогы» республикалық байқауында жеңімпаз атанды. «Əдістемелік əзірлеме» республикалық сайысында «Qgyty gyzygtyry» номинациясына иеленді. 2023 жылы ҚР Оқу ағарту министрлігінің Алғыс хатына ие болды.

Білікті ұстаздың шəкірттері де түрлі додаларда топ жарып жүр. Өткен жылы аудандық олимпиада да биология пəнінен Анар Бүркітбай жеңімпаз атанды. Облыстық кезеңде «Салауатты табиғи орта – Қазақстан-2030» стратегиясын жүзеге асырудың негізі» бағытындағы сайыста Ақбота Сағат пен Фатима Серік І дəрежелі дипломға ие болды. Жалпы білім беретін пəндер бойынша республикалық жарыста Аяжан Акман үшінші орынды иемденді. Гүлзат Шүкірова «Ғылым мен техника» болашақтың негізгі номинациясы бойынша І дəрежелі дипломға иеленді.

Қарап отырсақ, Айгүл мұғалім сабақ беруде өзіндік əдіс-тəсілдері қалыптасқан тəжірибелі ұстаз. Əркез дарынды балалармен жұмыс жасауда жəне оқушыларды олимпиадаға дайындауда əбден машықтанған мұғалім. Ол – Ө.Байқоңыров атындағы Жезқазған университетінің биология жəне география факультетін 1997 жылы тəмамдаған соң, 2000 жылы еңбек жолын осы №11 жалпы білім беретін Қоскөл мектебінде биология пəнінің мұғалімі болып бастаған. Сабақ барысында оқушылардың биологияға қызығушылығын ояту мақсатында өзі де жақсы қырынан көріне білді. «Қызық сабақ» жобасы аясында өткізген «Жүрек – қантамырлар жүйесі аурулары» тақырыбындағы ашық сабағы жоғары деңгейде бағаланып, «Ютуб» желісінде көрсетілді. Бүгінгі күні ол биология пəні бойынша педагог-зерттеуші санатындағы алдыңғы қатардағы мұғалім. Оның əр тақырыптарда өткізген ашық сабақтары білім сайттарына үнемі жарияланып келеді.

Айгүл Серікқызы 2013 жылдан бері аталған білім ордасында мектеп директорының тəрбие ісі жөніндегі орынбасары. Əйтсе де, өз ісінің жүрек қалауымен таңдаған мамандығы биология пəнінен мұғалім болудан аластамады. Бүгінде пəн мұғалімі мен орынбасарлықты бірдей атқарып жүр. Шəкірт жүрегіне жол таба білген Айгүл мұғалімнің өз ісіне адалдығы еленбей қалған жоқ. 2024 жылы аудан əкімінің тағайындаған «Білім саласының үздігі» номинациясына иеленіп, 100 мың теңгенің сертификатын алды.

Ұстаздық жолда Айгүл Тортаева 25 жылға жуық табан аудармай шалғайдағы Қоскөл мектебінде биология пəнінен сабақ беріп келеді. Осы жылдар ішінде талай шəкірттің қанатын қатайтып, болашағына бағыт-бағдар бере білді. Оның бүгінгі еңбегінің жемісі – шəкірттерінің жетістігі. Шəкірттері де ұстаз мерейін əркез асқақтатып жүр. Бұл туралы жоғарғыда тілге тиек еттік. Ең бастысы, шəкірттерінің жетістігін көруден асқан ұстазға бақыт жоқ. Шын мəнінде, Айгүл мұғалім нағыз бақытты ұстаз. Саналы ғұмырын ел болашағына жұмсап келе жатқан өз ісінің білгірі, үнемі ізденіспен жұмыс істей білетін талапшыл ұстазға алдағы уақытта да тек биіктен көрінетін шəкірттеріңіз көп болсын, демекпіз.

Қайрат ЖҰМАБАЙ.