БАЛА ДЕНСАУЛЫҒЫН САҚТАУ – БАСТЫ МІНДЕТ
Болашағын ұрпағымен байланыстыратын қазақ халқы қашаннан бар жақсысын балаларға арнайды. Өйткені, балалар – еліміздің ертеңі. Бізде балғындардың бәрі бірдей бақытты балалық шақтың дәмін татып, бейқам өмір сүруі үшін барынша жағдай жасалуда. Оның ішінде балалар денсаулығын сақтауға ерекше ден қойылған.
Міндетті әлеуметтік медициналық жүйесін енгізу балалар денсаулығын сақтауға және емдеуге көбірек қаражат бөлуге мүмкіндік берді. Қаржы көлемінің жыл сайын артуы елімізде жаңа оңалту орталықтарын, медициналық ұйымдарда оңалту бөлімдері мен кабинеттерін ашуға серпін болды. Атап айтқанда, Қордың Ұлытау облысындағы жеткізушісі болып табылатын «Аура Сервис» ЖШС-нің «АураМед» оңалту орталығы балғындарға нейрохирургия, травматология мен ортопедиялық бағытта ем-дом көрсетуде. МӘМС есебінен 2020 жылы 559, 2021 жылы 516 бала оңалту бағдарламасынан өтсе, өткен жылы 510 кішкентай пациент ем қабылдады. Жыл басынан тағы 206 ұлытаулық жеткіншекті оңалту бағдарламасынан өтті.
Бұдан бөлек Қордан жыл сайын жаңа туған сәбилерден бастап, жасы 18-ге толған балаларға дейін профтексеруге, стомоталогиялық қызмет көрсету мен оңалтуға, түрлі дерттерден емдеуге қыруар қаржы қарастырады. Мысалы, өткен жылдың өзінде Ұлытау облысының 3517 кішкентай тұрғыны тәулік бойы стационарда, 79-ы күндізгі бөлімде ем қабылдады. 776 балаға ота жасалып, 1294 бала оңалту орталықтарынан ем алып шықты. 99 мың ұл мен қыз профтексеруден өткен. Аталған медициналық қызметтердің барлығы ТМККК мен МӘМС пакеті шеңберінде қаржыландырылды.
Естеріңізге сала кетсек, балалар мемлекет тарапынан сақтандырылыған. Оларға МӘМС тізіміне кіретін барлық медициналық қызметтер тегін көрсетіледі.
Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының Ұлытау облыстық филиалы барша ұлытаулық өрендерді Халықаралық балаларды қорғау күнімен құттықтайды. Аппақ қардай асыл ниеттеріне әлемнің барлық бақытын жинаған балаларымыз мәңгі аман болсын!
Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының Ұлытау облыстық филиалының баспасөз қызметі
Сурет редакция мұрағатынан алынды