БАЛА ҚАУІПСІЗДІГІ – БАСТЫ НАЗАРДА
Әр мезгілдің өз таңғажайыбы болатыны сияқты, қауіп-қатері де жоқ емес. Әсіресе, қыс мезгілінде қызығы мен қиындығы қатар жүретінін қаперден шығармағанымыз абзал. Осы орайда, Жаңаарқа ауданының білім ошақтарында жол қауіпсіздігі ережелері бойынша сынып сағаттары ұйымдастырылуда.
Академик Е.Шаханов атындағы тірек мектебінің (ресурстық орталығы) 6 «А» сыныбында ерекше форматта өткен «Жолда абай бол, балақай!» атты сынып сағатының мазмұны мен маңызы насихаттауға лайықты шара болды.
Әдетте, сынып сағаттары оқу кабинетінде, тақтаның алдында, слайд-көрнекіліктер көрсетумен шектелетін еді. Білікті ұстаз Нұргүл Шамаева жетекшілік ететін бұл сыныптың мазмұнды шарасы жол бойында, жол полициясы қызметкерлерінің қатысуымен өтті. Мектеп ауласынан басталған ашық сынып сағаты аудан орталығындағы қозғалысы көп Абай көшесінде жалғасып, «Тәуелсіздік» саябағында түйінделді.
Сынып сағатына Жаңаарқа аудандық ЖПҚБ ЖПП аға инспекторы, полиция капитаны Болат Оспанов қатысып, оқушыларға жол ережелерін егжей-тегжейлі түсіндірді. Жолдың жаяу жүргіншілерге арналған жолағынан өту талаптарын практикалық тұрғыда түсіндіріп, ауа райының қолайсыз жағдайындағы сақтық шараларын ескертті.
Полиция қызметкері биылғы 9 айда республика бойынша кәмелетке толмағандардың қатысуымен 2,5 мыңнан астам жол-көлік оқиғасы орын алып, 200-ден астам бала қаза тапқанын атап өтті. Сондай-ақ, 3 мыңға жуық жасөспірім әртүрлі деңгейдегі жарақат алған. Осындай қайғылы жағдайға душар болмау үшін әркім өз өмірінің қорғанышына айналу керектігін тілге тиек етті.
Оқушылар да өз тараптарынан полиция қызметкеріне сұрақтарын қойып, қанағаттанарлық жауап алды. Сынып сағатының «Еркін микрофон» бөлімінде оқушы Айару Жұмкен аға инспектор Болат Оспановтан сұхбат алды. Сұхбатта оқушылар көкейіндегі өткір сауалдар жолданып, жауабын барлық оқушылар қызыға тыңдады. Мәселен, қазір әлеуметтік желіде «Жүгір немесе өл!» ойыны белең алып тұр. Айару осы бір қауіпті ойынға қатысты «Біздің өңірде осы ойын бойынша жол-көлік оқиғасы орын алды ма?» деген сауалын жолдады. Өз кезегінде Болат Оспанов бұл ойынның аса қауіпті екенін ескертіп, мұндай факті әзірге ауданымызда тіркеле қоймағанын жеткізді.
Жаңашыл ұстаздың жарқын бастамасымен ерекше форматта өткен сынып сағаты оқушыларға ұмытылмас әсер сыйлағаны сөзсіз. Дана қазақтың «Көзбен көріп, қолмен ұстағандай» деген қанатты қағида, тұғырлы түйіні осындайда айтылса керек.
Оқушылар үшін осындай дәстүрлі форматтан тыс сабақтың берері көп.
Гүлдана ЕРМЕКБАЕВА,
Е.Шаханов атындағы тірек мектебі (ресурстық орталығы) КММ
директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары.